Өзім зейнеттегі кәсіби педагог болғандықтан, бір құлағым білім саласына түрулі жүреді. Әсіресе әр жылдағы ҰБТ-ның көрсеткішін көріп, білім саласындағы өзгерістерге қатты алаңдаймын. Жалпақ әлемді құрсаған пандемияның да мектептегі оқу үдерісіне кері әсерін тигізгенін білеміз.
Қазір қоғамда «оқушылардың білім сапасы неге төмен, бала неге кітап ұстағысы келмейді, олардың білімін қалай көтереміз?» деген сұрақтар өзекті мәселеге айналып отыр. Біздіңше, бар проблема осында секілді. Бір жағынан, балалар санасында білімге деген қажеттілік, соған ынталандыратын ұстанымның жоқтығы да бар. Өйткені оқушы білімнің неге қажет екенін бастауыш сыныптан зерделеуі керек. Ал біздің білім жүйесінде сол қажеттілікті оқушыға сезіндіріп, ынта-жігерін арттыратын ынталандыру тетігі бар ма? Шындығын айтсам, жоқ дер едім. Қайта, ақылға сыймайтын қатаң тәртіптер арқылы баланы білім алудан жирендіріп келеміз. Мысалы, кітап бетін ашпайтын оқушыға «үш» қойып сыныптан-сыныпқа сүйреуде не мағына бар? Кез келген жағымсыз қылық жеткіншек санасына тез жұққыш келеді. Бүгінгі мектепте кітап оқымайтын балалар қатары өскенінің бір себебі осы.
Осы жерде нақты бір мысал келтірейін. Мәселен, 2018 жылы еліміз бойынша 11-сыныпты 147 мыңнан аса оқушы бітірген. Соның 75 пайызы яғни 102 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Әйтсе де бұл балалардың 14 пайызы, яғни 14633 оқушы шектік деңгейге жете алмаған. Ал енді ойланып көрейік. Жалпы мектеп бітірушілердің 25 пайызы, яғни 45 мыңдай оқушы білім сенімсіздігіне байланысты ҰБТ-ға жіберілмеген. Ал ҰБТ-ға қатысқан балалардың 14 пайызы, яғни 14633 оқушы шектік деңгейге жетпеген. Бұларды да білім деңгейін үлгермеген деп, ҰБТ-ға жібермегендерге апарып қоссақ, барлығы 39 пайыз, яғни 60 мыңға жуық бала мектеп бағдарламасын толық меңгермеген болып шығады. Бұл нағыз сорақы нәтиже емес пе? Сонда бұл осыншама жас өмірін мектепте босқа өткізді деген сөз ғой.
Шындығына келгенде, қиюы қашқан бұл мәселені тек Оқу-ағарту министрлігі ғана шешеді. Нарық қатынасын негізге ала отырып, білім беру жүйесін қайта құрмай болмайды. Біздіңше, балалардың оқуға ынтасын көтерудің бір жолы – аталған министрлік «9-сыныптан кейін 10-11 сыныпқа мектепте тек 4 пен 5-ке оқығандар ғана өтеді», деген бұйрық шығарса, сонда ата-ана да, оқушы да соған қарай іс қылар еді. Ата-ана баласының оқуын бастауыш сыныптан бастап қадағалайды. Жеткіншек те сабақты жақсы оқымаса, 9-сыныптан кейін одан әрі оқуын жалғастыруға жол жоқ екенін іштей сезінеді. Тіпті үлгерімі, тәртібі нашар балаларды өз сыныбында қалдырсақ, сол оқушы «мен қатарымнан неге қалдым?» деп іштей намыстанып тез есейер еді. Бір жағынан, баласы үшін ата-ананың жауапкершілігі артады.
Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі оқушының білім сапасын көтеру бойынша жүйелі реформа жүргізу керек. Осы жерде 10-11 сыныпқа, тек 9-сыныпты төрт пен беске оқығандар ғана өтсе деген ұсыныс айтар едім. Сонда біз жастардың оқуға ынтасын арттырып, оқушының білім сапасын көтеретін маңызды қадамға жол ашамыз. Ал үлгерімі орташа жеткіншектерді техникалық училище немесе колледжде оқытып, екі жылда толыққанды кәсіп иесі етіп шығарғанымыз дұрыс. Мәселен, Еуропа елдерінде жастардың 70-80 пайызы арнаулы орта орындарында білім алады. Жоғары оқу орнына 20-25 пайыз жастар ғана түседі. Сонда да олар көштен қалмай, өркениетті елдің алды болып отыр. Ал біз балаларды жиі өбектейміз. Оларды өбектеп, жағдайын жасай берсек, ертең шолжаң, кер жалқау қалыпта өседі.
Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе: мектеп мұғалімдері өз санаты бойынша әр бес жыл сайын білім бөлімдерінен аттестациялық комиссиядан өтеді. Мәселен, осы комиссияны мектеп ішінен құруға болады. Айталық, адамгершілігі мол, білікті, білімді, тәжірибелі 30-40 педагог әр мектепте бар. Сондай ұстаздардан комиссия құрып, олар жыл бойы мұғалімдердің сабағына қатысып, оның нәтижесін тоқсан сайын қорытындылап, жыл соңында әр ұстаздың біліктілік санатын анықтап, жалақысын көтерсе, қанекей. Өйткені материалдық игілікті нақты еңбегіне қарай бөлу кім-кімді де қызықтырады. Меніңше, мұғалімдерді іс-әрекетке, ізденіске итермелеудің ең ұтымды жолы осы.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарына грантты көбірек бөлуге маңыз беріліп отыр. Осы ретте сан емес, сапа жағына мән беріп, кәсіби мамандық беруді қолға алсақ, жастар проблемасы біршама азаяар еді. Осылай жеткіншектерді өз қабілеті мен біліміне қарай өмірге ерте бейімделуге үйретеміз.
Бердалы РЫСБЕКОВ,
ардагер ұстаз, Келес ауданының құрметті азаматы
«Egemen Qazaqstan» газеті