Шымкентте 5 мыңнан астам адам экоакцияға қатысты (видео)

Шымкентте барлық аудан аумағында өткізілген «Таза Қазақстан» акциясында 65 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды,-деп хабарлайды «24kz» телеарнасы.

ҚР Президентінің бастамасымен қолға алвнған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы Шымкент қаласын кең ауқымда жалғасын тауып жатыр. Бұл акция жаңа экологиялық мәдениетті жә­не азаматтардың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. 

Бес мыңнан астам адам жалпыхалықтық науқанға үлес қосты. Олар аулалар мен көшелерде санитарлық жұмыстарды жүргізіп, 75 шақырым болатын ирригациялық жүйелерді тазартты. Өзен жағалауларында шашылған қоқыстар жиналып, бүлінген орындықтар қалпына келтірілді. Төңіректен шыққан қалдықтар арнайы көліктерге тиеліп, полигонға жөнелтілді. Акцияға қатысушы, Қаратау аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбеков «қаланың ажарлана түсуі үшін әрбір адам тазалыққа үлес қосуы керек», деп есептейді.

Пердеш Есенбеков, Қаратау аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Міне, ақсақалдарымыз, ардагерлеріміз қатысып отыр. Осы жастарға, кейінгі толқынға бата беріп, ақ тілегін айтып, керек болса шамасы келетіндер осыған үлес қосып жатқан жағдайымыз бар. Сондықтан бұл – біздің елдігіміздің, бірлігіміздің белгісі. Сол себепті осындай өміршең бастамалар жалғасын таба береді деп ойлаймыз.

Жалпыұлттық акцияға «AMANAT» пар­тиясы да атсалысып, өз үлесін қосып жатыр.

Атап айтқанда бүгін республикалық «Таза бейсенбі» акциясы Қаратау ауданына қарасты Нұртас шағынауданында өтті. Бос жатқан 15 гектар жердің тазалық жұмысына Қаратау ауданының әкімі мен белсенді жастар, сондай-ақ, «Аманат» партиясының депутаттары қатысып, көше бойларын тазалау, қураған шөптерді жұлу, қоқыстарды шығару жұмыстарына атсалысты.

Шымкент қаласы Аманат партиясының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыханов, партия мүшелері әр апта сайын, бейсенбі күндері, бекітілген аумақтарда тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ететіндігін айтты.

— Партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған ауқымды міндеттер тұр. Бүгінде аумақтарды, өзен-көл­дер­дің жағалауларын тазарту, қаланың көшелерін көгал­дандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алдыңғы бейсенбілікте 13 гектар жерді, бүгін 15 гектар жерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Тек тазалық ғана емес, жастардың ауызбіршілігі, ұлттық сана-сезімі арта түскен акция жыл бойына жалғасын табады», – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Сонымен қатар, тұрғындарға ауланы таза ұстау, көше бойына қалдықтарды тастамау бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

© «24kz» телеарнасы

x

Check Also

Жаңаталаптағы көпір күрделі жөндеуден өтті

Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Жаңаталап тұрғын алабында орналасқан Бадам өзені үстінен өтетін көпірдің құрылысы 1974 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. ...

Шымкентте веложол мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақ ашылды

Балалар теміржолының орнына заманауи веложол мен аяқжол салу жұмыстары жүргізіліп, қараусыз қалған аумақ жаңа серуен аймағы ретінде пайдалануға берілді. Бұл ...