Қазығұрттағы жұмыстарды жандандыру мәселелері талқыланды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті сапарында Қазығұрт ауданындағы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде мәселелер ашық айтылып, шешілу жолдары қарастырылды.

Өңір басшысы тұрғындарды ашық сұқбатқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Қазығұрт ауданындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды атап өтті.

– Осындай кездесудің басты мақсаты– Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру. Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Қазығұрт ауданында 2023 жылы 10 елді мекенде 35 жобаны іске асыруға 1,7 млрд. теңге бөлінді. Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Қазығұрт ауданында 23 мектепте толық іске қосылды. Интернеттің жылдамдығы жақсарды. Тұрғындармен кездесуде проблемалық мәселелерді шешу, олардың жолдарын қарастыруға күш салынады. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Тазалық пен тәртіп – кез-келген қоғамның табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Осыны есте сақтайық, – деген Дархан Сатыбалды қазығұрттықтарды елімізде жүріп жатқан тазалық науқанына атсалысуға шақырды.

Қазығұрт ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 240 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 мыңнан асқан. Олардың өндірген өнім көлемі 117 млрд. теңгені құраған. Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда 31 пайызға өсіп, өткен жылы 9 млрд. теңгеден асты. Ауыл шаруашылығының негізігі капиталына 15 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 1,5 млн. теңге ғана тартылған.

Облыс әкімі инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім салаларында жұмысты жандандыру жөнінде аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Сондай-ақ ауылдың жағдайын жақсарту үшін халықты бірлесе жұмыс істеуге және ауызбіршілікке шақырды.

Кездесуде Қазығұрт ауданының әкімі өткен жылғы атқарған жұмыстары мен және биылғы көрсеткеткіштер бойынша есебі тыңдалды.

Облыс әкімі аудан әкімінен өзекті мәселелердің шешілуі бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары тыңдалды. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде ауданның ауыз су, жол, денсаулық, жайылым жер және өзге де инфрақұрылымдық мәселелер айтылды. Ұсыныстар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, өңір басшысы тікелей бақылауында болатынын айтты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістан: «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тапқан ерекше жобалар жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, ...

Түркістан: 12 жастағы Келестік оқушы smart сарқыраманың моделін құрастырды

Келес ауданында орналасқан Ә.Молдағұлова атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Әділбек Думан келешекте ақылды үйлерге арналған smart сарқыраманың ...