Шымкент қаласындағы саябақтар мен демалыс орындары тағы бір гүлзармен толықты. Демеушілер қаржысына шаһар орталығынан «Аналар аллеясы» ашылды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі «Qazaqstan» телеарнасына сілтеме жасап.
Кезінде автотұрақ болған бұл маң бас-аяғы 2-3 айдың ішінде жасыл желегі жайқалған, саялы мекенге айналды. 300 шаршы метрдей болатын аумаққа жайлы орындықтар қойылып, ымырт түссе жарық шамдармен бедерленіп көрінетін түрлі сәулеттік бейнелер орнатылды. Гүлзар ортасында сәбиін бауырына басқан ана сұлбасы бейнеленген.
Шаһарды абаттандыруға байланысты қазір мұнан басқа тағы бірнеше ірі жоба жүзеге асуда. Оның бірі кезінде қала мақтанышына айналған балалар темір жолының бойын демалыс аймағы етіп қайта жасақтау. Нысан балалар күні мерекесінде пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Қырғы базар маңындағы жасанды көлді қалпына келтіру және Ордабасы алаңындағы су бұрқақтарды жаңарту ісі жүруде. Ал осыған дейін қоқыс палигоны болған орын ну ағашты жасыл баққа айналмақ.
Бүгінгі таңда Шымкентте 10 саябақ пен 44 гүлзар бар. Кезінде иесіз, қараусыз қалып кеткен 10 демалыс орны демеушілер қаржысына былтырдан бері қайта қалпына келтірілуде.
© «Qazaqstan» телеарнасы