Қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік саудасында санитариялық талаптардың сақталуы – тұтынушылар денсаулығының кепілі. Осы бағыттағы өзекті мәселелер Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында өткен семинарда талқыланды.
Кездесуге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары мен кәсіпкерлер қатысып, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, ботулизмнің таралу себептері және тағамнан уланудың алдын алу мәселелерін қарастырды.
Алғашқы баяндамада санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органының бас маманы Мереке Ислам тамақтану орындары арқылы ботулизм ауруының таралу қаупі мен оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, азық-түлікті дайындау мен сақтау кезінде технологиялық талаптардың бұзылуы адам денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Осы ретте өнімдерді сақтау шарттары мен қауіпсіздік талаптарын орындау мәселесіне назар аударылды.
Келесі баяндамада бас маман Әсемай Өтеген тамақ өнімдерін өндіру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды тарқатты. Сондай-ақ тағамнан уланудың алдын алу, өндірістік процестерді дұрыс ұйымдастыру, өнімдерді сақтау және өткізу кезіндегі санитариялық нормалар жөнінде түсінік берді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің сарапшысы Бексұлтан Абибулла санитариялық талаптарды сақтау кәсіпкердің тұтынушы алдындағы жауапкершілігімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Тамақ өнімдерімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін санитариялық талаптарды білу ғана емес, оларды күнделікті қызметінде дұрыс орындау да маңызды. Себебі кез келген олқылықтың салдары тұтынушы денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан сала мамандарымен бірлесіп, кәсіпкерлерге талаптарды түсіндіру, сұрақтарына жауап беру және жұмыс барысында кездесетін мәселелерді талқылау үшін осындай кездесулер өткізу қажет», – деді ол.
Семинардың соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарынан жауап алды. Кездесу барысында саладағы талаптарды бірізді түсіну және кәсіпкерлік нысандарда тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары