Шымкентте өзбек мәдениетінің фестивалі өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте өзбек мәдениетінің фестивалі өтті

Әр халықтың жүрегіне жақын әні, атадан балаға жалғасқан салт-дәстүрі бар. Сол асыл мұраны ардақтап, өзбек халқының өнері мен мәдениетін көпшілікке таныту үшін Шымкентте арнайы фестиваль өтті. Мерекеге жиналған жұрт ұлттық әуенге сусындап, бауырлас халықтың бай мұрасымен танысты.

Ұлттық әуен, өнерпаздардың жарқын өнері мен шығыс дәстүрлері. Орталық саябақта өзбек мәдениетінің фестивалі өтті. Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары, өзге өңірлерден келген қонақтар мен әр буын өкілдері жиналды. Көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылып, шығармашылық қойылымдар көрсетілді. Сондай-ақ өзбек халқының мәдени мұрасын танытатын көрмелер ұйымдастырылды.

Бақтияр Шамратов, Түркістан облысы өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары: «Шымкент пен Түркістан бірлесіп өзбек халқының мәдениетін, салт-дәстүрі мен тілін дәріптейтін мереке өткізіп жатырмыз. Жылда өтетін іс-шара. Бүгінде Түркістан облысында 9 аудан 2 қала бірлестігіміздің мүшесі бұл жерде қатысып отыр».

Фестиваль қонақтары өзбек халқының ұлттық салт-дәстүрімен, тілімен және мәдениетімен жақынырақ танысты. Іс-шараға қатысушылар концерттік бағдарламаның мазмұны мен мерекенің жылы шырайлы атмосферасын атап өтті. Ал өнерпаздар үшін бұл — өз шеберлігін көпшілікке танытуға берілген мүмкіндік.

Нематило Зкруллаев, фестивальге қатысушы: «Шара өте қызықты өтіп жатыр. Бүгін еліміздің әртүрлі өңірі мен қаласынан көптеген қонақ келді. Солардың алдында өнер көрсету құрметіне ие болғаныма қуаныштымын».

Фестиваль аясындағы көрме де көпшіліктің назарын аударды. Мұнда ұлттық құндылықтар ғылыммен, шығармашылықпен және заманауи технологиялармен ұштастырылған. Оқушылар жасанды интеллект көмегімен суреттерді жандандырып, ақылды үй жүйелерін, электромобильдер мен роботтарды таныстырды.

Муслима Мураджанова, фестивальге қатысушы: «Біздің көрмеде ұлттық құндылықтар, ғылым, жасанды интеллект пен шығармашылық тоғысады. Мұнда оқушылардың химия, физика, биология және информатика пәндері бойынша әзірлеген жобаларын көруге болады. Жасанды интеллект арқылы балалар суреттерді жандандырады. Сонымен қатар, ақылды үйлердің үлгілерін жасап, электромобильдер мен роботтарды құрастырады».

Фестиваль ұлттық мұраны ұлықтап, оны заманауи жетістіктермен сабақтастырудың үлгісін көрсетті. Осындай мәдени іс-шаралар этностар арасындағы татулықты нығайтып, халықтардың рухани байлығын жас ұрпаққа танытуға жол ашады.

Бота Әнуар,
Otyrar.kz

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...