Шымкентте құрылыс нысандарына жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде 78,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл құрылыс саласында 132 нысан тексеріліп, 314 әкімшілік хаттама толтырылған. Анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі заңсыз құрылыс, нысандардың құрылыс сапасы және үлестік қатысу мәселелеріне қатысты. Оның ішінде заңсыз құрылысқа байланысты 91 нысанға 33,6 млн теңге, құрылыс сапасына қатысты 22 нысанға 27,3 млн теңге, ал үлестік қатысу бойынша 19 нысанға 17,1 млн теңге айыппұл салынған. Заң бұзушылықтардың бір бөлігі сот тәртібімен қаралуда. Қазіргі таңда осы бағытта сотқа 22 талап-арыз жолданып, оның 14-і қанағаттандырылған. Қалған 8-і сот қарауында.
Брифингте құрылыс саласындағы жаңа талаптар түсіндірілді. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Құрылыс кодексіне сәйкес, құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік құрылыс инспекторының қатысуы міндеттелді. Сондай-ақ рұқсатсыз немесе заң талаптарын бұза отырып салынып жатқан нысандар анықталған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға хабарлау тәртібі белгіленген. Ал заңсыз салынған нысанды бұзу немесе қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру мәселесі сот арқылы шешіледі.
Құрылыс кодексінде құрылыс қауіпсіздігіне қатысты талаптар нақтыланған. Адамдар көп жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау алдында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алынуы тиіс. Сонымен қатар нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік қамтамасыз етілуі қажет.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 2026 жылдың тоғыз айында 501 хабарлама реестрге тіркелген. Осы кезеңде 361 құрылыс нысаны пайдалануға қабылдау бойынша салыстырудан өткен. Жаңа талаптар аясында техникалық қадағалаушы 73 нысандардың толық аяқталғаны туралы өтініш берген. Оның 35-і келісіліп, 6 өтініш кері қайтарылған. Ал қаралып жатқан өтініш саны – 32.
Брифинг барысында басқарма басшысы құрылыс саласындағы лицензиялау және мамандарды аттестаттау жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері лицензия алуға қатысты 230 өтініш келіп түскен. Нәтижесінде 25 лицензия беріліп, 90 өтініш бойынша лицензия беруден бас тартылған. Ал 112 өтініш ұйымдардың атауы немесе мекен-жайының өзгеруіне байланысты тіркелген. Құрылыс саласындағы сарапшыларды аттестаттау бойынша 191 өтініш қаралды. Нәтижесінде 66 маманға аттестат берілсе, 125 өтініш қанағаттандырылмаған.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары