19–23 қазан аралығында Шымкентте мамандандырылған спорт мектептері мен спорт клубтары арасында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы чемпионатының бірінші кезеңі өтеді. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлерден 130 спортшы қатысуда.
Алика Халимова, спортшы: «Мәнерлеп сырғанау спортына мені анам 5 жасымда әкелді. 6 жасымда бапкерлердің жетекшілігімен конькиге тұрдым. Анам «жақсы сырғанайды екен, демек, бұл соның ісі» деп шешті. Басты мақсатым — өзім үшін үздік болу, жыл сайын өнерімді шыңдау, толық қойылып біткен бағдарламаларды пысықтау, элементтерді жетілдіріп, жаңа дүниелерді үйрену. Алдыңғы сайыстармен салыстырғанда нәтижем әлдеқайда жақсы, бағдарлама кезіндегі жылдамдығым артып, пируэттер мен айналымдар сапалы бола түсті. Секіру мен айналу кезіндегі сенімділік күшейді. Кез келген спортшы Олимпиада чемпионы болғысы келеді ғой».
Мәнерлеп сырғанаушылар әр түрлі санат бойынша бақ сынап, қысқа және еркін бағдарламаларын көрсетуде. Чемпионаттың бұл кезеңі — спорттық дайындықты тексеру, жарыс тәжірибесін жинақтау және шеберлікті одан әрі шыңдау үшін маңызды алаң.
Анна Санникова, фигуристка: «Өнерімді аса жоғары бағалай алмаймын, одан да жақсы көрсете алатын едім. Келесі жолы бұдан да жоғары нәтиже көрсетемін деп үміттенемін. Мәнерлеп сырғанау өмірімінің ажырамас бөлігіне айналды, бұл саламен айналысып жүргеніме 12 жылдан асты. Бұл — менің өмір салтым, уақытым мен бар энергиясы арналатын сүйікті ісім. Алдыма қойған мақсатым — спорт шебері нормативін орындау, республика чемпионатында үздік үштікке ену, болашақта Төрт құрлық чемпионаты мен тіпті әлем чемпионатына жолдама алу».
Айта кетейік, соңғы кездері балалардың мәнерлеп сырғанауға ғана емес, жалпы мұз үсті спорт түрлеріне деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, Шымкентте тиісті спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып жатыр.
Гамзад Мұсаев, Шымкент қаласы қысқы спорт түрлері федерациясының президенті: «Қазір ел чемпионаты өтіп жатыр, оған 15 облыстан 130 қатысушы келіп отыр. Оның ішінде 8 спортшы Шымкент қаласының намысын қорғайды. Қалада бұл спорт түрі, соның ішінде тек мәнерлеп сырғанау ғана емес, шорт-трек пен хоккей де жақсы дамып келеді. Қазіргі көрсеткіштеріміз жаман емес, біздің 8 қатысушымыздың біреуі көш бастап тұр. Биыл жазғы каникул кезінде қала әкімі мұзды ауыстырып, басқа да жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджет бөдді. Шымкент қаласы әкімінің қолдауының арқасында мұндағы мұз әлемдік стандарттарға толық сай келеді деп айта аламыз».
Жарыс қорытындысы бойынша спортшылар дайындық нәтижелерін паш етіп, республикалық бәсекелерге қатысудың баға жетпес тәжірибесін жинақтайды.
© “Otyrar” телеарнасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары