Қала күні аясында «Диуани хикмет» байқауы Ясауи мұрасын ұлықтады — Xnews — ақпарат агенттігі

Қала күні аясында «Диуани хикмет» байқауы Ясауи мұрасын ұлықтады

Түркістан қаласында Қала күніне орай Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Диуани хикмет» аймақтық байқауы өтті. Руханият пен ұлттық құндылықтарды ұлықтаған тағылымды шараға Түркістан қаласы мен өзге өңірлерден 36 үміткер қатысып, ұлы ойшылдың хикметтерін жатқа айту және мәнерлеп оқу шеберліктерін ортаға салды.

Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің баға жетпес рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру және олардың рухани танымын қалыптастыру. Сонымен қатар сайыс жастардың тарихи санасын жаңғыртып, туған өлкенің мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Қожа Ахмет Ясауи – түркі әлемінің рухани тарихында айрықша орны бар тұлға. Оның «Диуани хикмет» атты еңбегі ғасырлар бойы адамгершілік, имандылық, ізгілік пен кішіпейілділік секілді асыл қасиеттерді дәріптеп келеді. Ойшылдың даналыққа толы өлең жолдары адамды рухани кемелдікке, адалдыққа және жақсылық жасауға үндейді. Сондықтан хикметтерді жас ұрпаққа таныту – ұлттық руханиятты сақтаудың және оны келер буынға жеткізудің маңызды жолдарының бірі.

Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар Ясауи хикметтерін жатқа айтып, шығармалардың мазмұнын терең түсінетінін, сөз мәнерін жеткізу және көркем оқу қабілеттерін көрсетті. Өлең жолдарын әсерлі жеткізу, дауыс ырғағын дұрыс қолдану мен шығарманың негізгі ойын ашу үміткерлердің шеберлігін айқындайтын маңызды өлшемдер болды.

Екінші кезеңде сайыскерлер Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығына, сондай-ақ Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл кезең қатысушылардың білім деңгейін, тарихи деректерді меңгеруін және рухани мұра жөніндегі танымын саралауға мүмкіндік берді. Осылайша байқау көркем оқу сайысы ғана емес, жастардың білімін шыңдап, тарихи жадысын нығайтатын танымдық алаңға айналды.

Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бағаланып, үздіктер анықталды. Кіші топта бас жүлде Түркістан қаласындағы №5 мектептің 6-сынып оқушысы Раяна Алякбарға бұйырды. Ал үлкен топта жоғары марапатты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 5-курс студенті Солихабону Хавасхонова иеленді.

Байқау соңында жүлдегерлер мен арнайы номинация иегерлері марапатталды. Қатысушылардың өнері мен білімі бағаланып, рухани мұраны дәріптеуге қосқан үлестері атап өтілді.

Осындай мәдени-танымдық шаралар Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін айқындап, қаланың тарихи мұрасын кеңінен танытуға ықпал етеді. «Диуани хикмет» байқауы да өскелең ұрпақтың бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, ұлттық құндылықтарға құрметті арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Қожа Ахмет Ясауидің өнегелі мұрасын насихаттау арқылы жас буынның рухани дүниесін байыту – бүгінгі қоғам үшін де өзекті міндет.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...