Жертөледегі мың жәдігер — Xnews — ақпарат агенттігі

Жертөледегі мың жәдігер

Шымкенттегі көп қабатты үйлердің бірінің ауласына кірсеңіз, қабырғалардағы түрлі түсті кілемдер бірден көзге түсетін көп қабатты бір үй бар. Бір қарағанда, олар ауланы көркейту үшін салынған қарапайым суреттер секілді. Алайда, жақындап қарасаңыз, әрқайсысының астарында қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен тарихы жатқанын аңғарасыз.

Аула қабырғаларына қырықтан астам кілемнің бейнесі салынған. Әрқайсысының өрнегі әртүрлі. Бірінде көне оюлар бейнеленсе, енді бірінде белгілі бір өңірге тән нақыштар бар. Бұл суреттерді қабырғаға түсіруге суретшілердің өзіне бір айдан астам уақыт кеткен. Ал, бұл идеяның авторы – ұлттық өнерге ерекше қызығушылық танытып жүрген Дана Ерік. Ол – Шымкент қаласының тумасы. Медицина саласында білім алған. Оның тарих пен ұлттық мұраға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Әкесі тарихшы болғандықтан, үйінде кітаптың орны бөлек еді. Шағын кітапханасы бар әкесі көп оқып, ізденісті өмір салтына айналдырған. Кітапқа деген қызығушылығы кейіпкерімізге де әсер етіп, ол да жастайынан кітап оқуды серік еткен. Ол он екі жасында үйіндегі кітаптардың басым бөлігін оқып шыққан. Олардың арасында классикалық шығармалармен қатар, тарихқа қатысты еңбектер де болған. Осылайша бала кезінен кітап оқып, тарихқа қызығып өскен Дана Еріктің ұлттық құндылықтарға деген ықыласы уақыт өте келе қазақтың дәстүрлі өнерін зерттеуге ұласқан.

Кейіпкеріміздің кілем өнеріне деген қызығушылығы осыдан он жыл бұрын басталған. Алғашында қолөнер бұйымдарын жинап, осы бағытта кәсіп бастауды ойлаған. Кейіннен оның назары қазақтың дәстүрлі кілемдеріне ауған. Алғашқы кілемін базардан сатып алған Д.Ерік уақыт өте келе коллекциясын толықтыра бастаған. Кілемдердің ерекшелігін тереңірек зерттей келе, олардың өңірге, жасалу техникасына және өрнектеріне қарай бір-бірінен ерекшеленетінін байқаған. Осылайша жай ғана жинақтау емес, қазақ кілемдерінің тарихын зерттеуге деген қызығушылығы арта түскен.

– Коллекциямдағы екі кілемді шетелден алдырттым. Біреуін АҚШ-тан, екіншісін Түркиядан сатып алдырдым. Екеуі де қазақтың кілемдері. Өзімдегі дүниелермен салыстырып, ерекшеліктерін зерттеу үшін алдым, – дейді коллекционер.

Коллекциясы төрт жүз кілемге жеткенде Дана Ерік оларды жүйелеуге кіріскен. Кілемдерді түріне, өрнегіне және жасалған өңіріне қарай бөліп, өзіндік классификация жасаған. Осы кезеңнен бастап оның ізденісі әуес іспен ғана шектелмей, кілем өнерін зерттеуге ұласқан.

Бүгінде оның қорында мыңнан астам кілем бар. Жәдігерлердің негізгі бөлігі көрші үйдің жертөлесінде сақтаулы. Екі бөлмелі шағын аумақта кейіпкеріміз өзінше музейге айналдырған. Мұнда көне кілемдермен қатар қазақтың дәстүрлі тұрмысында пайдаланылған көптеген бұйымдарды кездестіруге болады. Асадал, кебеже, бесік, ағаш ыдыстар, музыкалық аспаптар және басқа да көне дүниелер коллекцияның бір бөлігін құрайды.

Коллекционердің айтуынша, оның жинағына қызығушылық танытатындар аз емес. Тіпті шетелдік коллекционерлер тарапынан кейбір кілемдерді сатып алу туралы ұсыныстар да болған екен.

Ұлттық бұйымдардың жанашыры үшін бұл дүниелердің құндылығы олардың бағасында емес, тарихында. Әр кілемнің өзіне тән өрнегі, жасалу тәсілі мен шыққан ортасы бар. Бірі белгілі бір өңірдің қолөнер дәстүрінен сыр шертсе, енді бірі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Ауладағы қырықтан астам кілемнің бейнесі де осы мақсатта жасалған. Қабырғадағы суреттер арқылы көпшілік қазақтың дәстүрлі кілем өнерімен таныса алады. Бір қарағанда қарапайым ғана аула болып көрінетін бұл орын шын мәнінде ұлттық өнерді насихаттайтын ерекше орынға айналған. Ал, қабырғаның ар жағындағы шағын жертөледе көпшілік әлі көре қоймаған мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Әрқайсысының өз тарихы бар. Кейіпкеріміздің ендігі арманы – Шымкентте арнайы кілем музейін ашу. Мыңнан астам кілем мен басқа да ұлттық жәдігерлерді бір жерге жинап, олардың тарихын көпшілікке таныстыруды мақсат етеді.

Ұлжан ИСАХАНҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

В Шымкенте открыли три Дома шахматистов

В Шымкенте состоялось открытие трёх Домов шахматистов. Новые объекты расположены в парке имени Абая, парке Металлургов и на пешеходной аллее ...

Шымкентте үш бірдей шахмат үйі ашылды

Жаңа нысандар Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында орналасқан. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Халықаралық ...