Бурятиялық блогер Шымкентте — Xnews — ақпарат агенттігі

Бурятиялық блогер Шымкентте

Бурятиядан Қазақстанға! Әлеуметтік желі арқылы ғана танысқан адамдармен жүздесу үшін мыңдаған шақырым жол жүрген блогер елімізге келді. Улан-Удэ қаласының тұрғыны қазақстандықтардың қонаққа шақырған жазбаларын көріп, олардың шынайы ықыласына өз көзімен көз жеткізуді жөн көрген. Расында да, бейтаныс адамды туғанындай қарсы ала ма? Ольганы әр қалада ақ дастарханын жайып, төрінен орын ұсынған жандар күтіп алды. Әрі олар әртүрлі ұлттың өкілдері. Сенімнен басталған сапар қалайша шынайы достыққа ұласты?

Үлкен саяхатқа әлеуметтік желідегі бір ғана жазба себеп болған. Биыл жазда бурятиялық блогер ауа райы туралы видео жариялаған. Ол кезде Улан-Удэде күн небәрі үш градус жылы болса, Шымкентте аптап ыстық 40 градусқа жеткен. Бейнежазбаны көрген қазақстандықтар Ольганы қонаққа шақырып, «Келіңіз, қарсы алып, қонақжайлылық көрсетеміз» деп жазған. Солардың бірі шымкенттік Лидия Ивановна. Ол тіпті мекенжайын ашық жариялап, өзі танымайтын адамды үйіне шақырған.

Ольга Халимова, Бурятиядан келген саяхатшы: «Пікірлерден “Қош келдіңіз!” деген жазбаларды көрдім. Бірақ Қазақстан үлкен ғой, қайда баруым керек? Сөйтіп, Лидия Ивановнаға бардым. Ол менің шынымен келетініме сенбей, қатты таңғалды. Өйткені мен 4 500 шақырым жол жүріп жеттім. Қазір адамдар бір-бірінен қауіптеніп, қорқынышпен өмір сүреді. Бірақ мен осы әйелге әлемнің шетіне болса да барамын деп шештім. Лидия Ивановна мекенжайын жариялағаны үшін сынға да ұшырады. “Оның кім екенін қайдан білесіз?” деп жазғандар болды. Алайда оны жақтағандар да табылды. Олар “Неге бәріне өздеріңіздей қарайсыздар? Жүрегі таза, ниеті ақ адам қонаққа шақырды, мен де келдім”, деп қолдау білдірдім».

Осылайша Ольганың ерекше сапары басталды. Астана, Қарағанды, Шымкент… Әр қалада жаңа таныстық, жаңа кездесу. Оны бейтаныс жолаушыдай емес, жақын адамындай қарсы алып, барынша құрмет көрсеткен. Қазақ халқы үшін қонақжайлық — ежелден келе жатқан асыл дәстүр. Қонақты төрге шығарып, дастархан жайып, бар ықыласын білдіру — ұлттық болмыстың бір бөлігі. Ал Ольга бұл қасиеттің Қазақстанда ұлтқа бөлінбейтінін өз сапарында аңғарған.

Ольга Халимова, Бурятиядан келген саяхатшы: «Дастархан жаяды, жақсы бөлме береді, мен үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Мұндағы қонақжайлықтың деңгейі өте жоғары. Тіпті туыстарың да кейде бұлай қабылдамайды. Бейтаныс адамды туғанындай қарсы алғандарына таңғалдым. Қазақстанның қонақжай ел екенін бұрыннан еститінмін. Енді соған өзім көз жеткіздім. Мені әсіресе ұлтына қарамастан көрсетілген ықылас тәнті етті. Қарағандыда шешендердің үйінде, бұл жақта корей отбасында қонақ болдым, ал Астанада қазақтар қарсы алды. Қазақстанда қонақжайлық ұлтқа байланысты емес екен. Барлығы мені жылы қабылдады».

Ольга үшін бұл сапардың басты жаңалығы — қонақжайлықтың дастарханмен ғана өлшенбейтіні. Бұл — бейтаныс жанға қол ұшын созып, үйінен орын беріп, уақытын бөлісу. Қаланы аралатып, жақындарымен таныстырып, өзін туған үйіндегідей сезіндіру. Сапар барысында Ольга осындай жан жылуын талай мәрте сезінді.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...