Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына үнемі назар аударып келеді. Президенттің бастамасымен биыл кітап оқу мәдениетін дамытуға және зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы шаралар қолға алынды.
Осы бағыттағы бастамалардың бірі Шымкент қаласындағы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебіндегі игі жоба – «Ел тұтқа» тұлғатану дәрістері. Он айға жоспарланған жоба аясында әр ай бір тарихи тұлғаға арналып, қатысушылар оның өмірі мен шығармашылығын, ел алдындағы еңбегі мен азаматтық болмысын жан-жақты танып-білуге мүмкіндік алады.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық тарих пен әдебиетте өзіндік із қалдырған тұлғаларды тереңірек таныту.
Мұнда кітап оқу құр насихат деңгейінде қалып қоймай, нақты тұлғаны тану, оның шығармаларын оқу, өмір жолын зерттеу және алған білімді саралау арқылы жүзеге асады.
Он айға есептелген жоба барысында он тұлға кеңінен таныстырылады. Әр ай белгілі бір тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналады. Осылайша жобаға тұрақты қатысқан жас он айдың ішінде қазақтың он біртуар перзентінің ғибратты ғұмыр жолымен жан-жақты танысып, олардың ел тарихындағы орнын бағамдай алады.
Жобаның алғашқы айы қазақтың даңқты қолбасшысы, жазушы, халқы қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналды.
Танымдық сабақтың бір ерекшелігі – қатысушылардың дәрісті тыңдаумен шектелмеуінде. Әр сенбі сайын сабақ барысында жастар тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа мағлұмат алып, сұрақтарға жауап береді. Осы арқылы олардың есте сақтау қабілеті ғана емес, ізденісі мен өзіндік ой қорыту дағдысы қалыптасады.
Жобадағы негізгі дәріс беруші ақын, аудармашы, әдебиетші ғалым Абай Қалшабек жастардың кітапқа деген қызығушылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жобаға қатысып жүргендердің басым бөлігі – әдебиетке, тарихқа ықыласы бар, ізденуге бейім жастар. Сондықтан дәріс барысында олардың белсенділігі де жоғары.
– Жобаға қатысып жүрген жастар дәріске жай ғана тыңдаушы ретінде келмей, тақырыпқа қатысты ізденіп, сұрақтарға белсенді жауап беруге тырысады. Жастардың осындай талпынысын көргенде, өзің де қанаттанып қаласың. Бұл – олардың білімге деген құштарлығының белгісі, — дейді Абай Қалшабек.
Оның айтуынша, жобаның алғашқы айы қазақтың даңқты қолбасшысы, жазушы Бауыржан Момышұлына арналса, алдағы уақытта да ұлт руханиятында өзіндік орны бар тұлғалар кеңінен таныстырылмақ.
– Әр айды бір тұлғаға арнап, оны жан-жақты танытуды көздеп отырмыз. Бауыржан Момышұлынан кейінгі кезеңдерде Әзілхан Нұршайықов, Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов сынды әдебиетіміздің ірі тұлғаларына тоқталу жоспарымызда бар. Әрқайсысының өмірі мен шығармашылығында кейінгі ұрпаққа берері мол. Сондықтан олардың мұрасын жастарға тереңірек таныту – маңызды міндет, — дейді ол.
Бұл «бүгінгі жастардың кітап пен әдебиетке қызығушылығы төмен» дейтін қалыптасқан түсініктің әрдайым шындыққа жанаса бермейтінін де көрсетеді.
Ең бастысы, жастарға кітап оқуды міндет ретінде емес, қызықты ізденіс пен танымның жолы ретінде ұсыну қажет. «Ел тұтқа» жобасы осы ұстанымды басшылыққа алған.
Жобаның ұзақ мерзімге жоспарлануы оның мазмұнын тереңдете түсуге мүмкіндік береді. Бір тұлғаға бір айдың арналуы да қатысушыларға оның өмірбаянымен үстірт танысып қана қоймай, шығармаларын оқуға, қосымша деректер іздеуге, дәрісте айтылған мәліметтерді жан-жақты саралауға жағдай жасайды.
Жоба авторы, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов «Ел тұтқа» идеясының көптен бері ойда жүргенін айтады. Оның сөзінше, ұлттық тұлғаларды кейінгі буынға кеңінен таныту, жастардың тарих пен әдебиетке қызығушылығын арттыру – жобаның басты мұраты.
– Бұл жоба – көптен бері көкейімде жүрген ойдың нәтижесі. Ұлттық тұлғаларымыздың өмірі мен өнегесін жастарға кеңінен танытып, олардың рухани дүниесін байытатын осындай жобаны жүзеге асыруды бұрыннан ойлап жүрген едім. Бүгінде сол идея «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің жобасы ретінде өз жалғасын тауып отыр. Біз үшін ең маңыздысы – жастардың осы бастамаға қызығушылық танытып, кітап оқуға, ізденуге бет бұруы, — дейді ол.
Әрине, мұндай ауқымды жобаны бір адамның немесе бір ғана мекеменің күшімен жүзеге асыру оңай емес. Осы ретте бастамаға қолдау білдіріп отырған азаматтардың еңбегін де ерекше атап өтуге болады.
– Жобаны жүзеге асыруда демеушілердің қолдауы айрықша. Бізге бір ғана адам емес, қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер, достарымыз да өз мүмкіндіктеріне қарай қолдау көрсетіп келеді. Бұл – олардың жастардың білімі мен рухани тәрбиесіне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Осындай азаматтардың арқасында жобаға қатысушыларды ынталандырып, білім бәйгесін ұйымдастырып, жеңімпаздарды лайықты марапаттауға мүмкіндік алып отырмыз, — дейді мекеме басшысы.
Бұл жобаның тағы ерекшелігі, әр сенбі сайын осы дәріске қатысып, қойылған сұрақтарға белсенді жауап берген шәкірттерге түрлі бағалы сыйлықтар табысталады.
Әр айдың соңында өткен дәрістер негізінде қорытынды тест алынады. Нәтижесінде үздік білім көрсеткен қатысушылар қаржылай сыйақымен марапатталады.
Жоба соңына дейін тұрақты қатысып, білімін жүйелі түрде толықтырған жастар үшін жыл қорытындысы бойынша да үлкен марапаттар қарастырылған. Жыл жеңімпаздарына iPhone 17 Pro Max және басқа да бағалы сыйлықтар тағайындалған.
Мұндағы мақсат – сыйлыққа қызықтыру ғана емес. Білімге ұмтылған жастың еңбегін бағалап, оны одан әрі ізденуге ынталандыру.
«Ел тұтқа» дәрістеріне 10 жастан асқан кез келген азамат қатыса алады. Мектеп оқушылары үшін жоба тегін. Колледж және жоғары оқу орны студенттеріне ай сайынғы төлем – 2000 теңге, ал, ересектер үшін 5000 теңге.
Бұл – жобаның аудиториясын барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. Өйткені, тұлғатану белгілі бір жас санатына ғана арналған дүние емес.
Бүгінгі мектеп оқушысы Бауыржан Момышұлының өмір жолынан отаншылдықты үйренсе, студент Мұхтар Әуезовтің шығармашылығынан ұлттық ойдың тереңдігін танып, ал, ересек оқырман белгілі бір тұлғаның өміріне жаңа қырынан үңілуі мүмкін.
Бір залда әр буынның басын қосып, ортақ құндылық төңірегінде ой бөлісу – жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі.
Бүгінгі ақпарат ағыны аса жылдам, әлеуметтік желі мен қысқа контент дәуірінде жастардың назарын кітапқа, тарихи дерекке, әдеби шығармаға бұру оңай емес. Сондықтан кітап оқуға шақырумен қатар, оқуға қызықтыратын мазмұнды орта қалыптастырудың маңызы артып отыр.
Мемлекет басшысы да кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аудару қажеттігін атап, бұл іске азаматтық қоғамды, шығармашылық және ғылыми қауымдастықты, бұқаралық ақпарат құралдары мен кәсіпкерлерді кеңінен тартудың маңызын айтқан.
Өйткені, кітап оқитын ұрпақ – ойлайтын ұрпақ. Ал, өз тарихын, әдебиетін, ұлы тұлғаларын таныған жас – ұлттық құндылықтарды бағалайтын азамат болып қалыптасады.
Ал, ең бастысы – жастардың кітапқа қайта үңілуіне, өз тарихына жаңаша қарауына жол ашу.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары