Түркістан: 2500-дан астам азамат күзде әскерге шақырылады — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістан: 2500-дан астам азамат күзде әскерге шақырылады

Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл өңірден шамамен 2 500 азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған. Күзгі шақыру науқаны 1 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында өтеді. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Бекмұрзаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әрі кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға заңды негіздері жоқ ер азаматтар шақырылады.

«Күзгі әскерге шақыру жұмыстары басталып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Биыл облыстан 2500-ге жуық азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланған. Оның ішінде 1200 азамат – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, 340 азамат – ҰҚК Шекара қызметіне, 1100 азамат – Ұлттық ұланға, ал 100-ге жуық азамат Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі», – деді Жандос Бекмұрзаев.

Әскерге шақырылған азаматтардың деректері Қарулы Күштердің электрондық базасына енгізіледі. Бұл жүйе арқылы әскери есепке алу жүргізіліп, азаматтардың саны мен әскери қызметке жарамдылық санаты айқындалады. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысынан Қарулы Күштер мен өзге де әскери құралымдарға 5000-нан астам азамат жіберілген. Сондай-ақ, өткен жылғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары бойынша белгіленген жоспар толық орындалған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...