Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына қатысты айтқан сөздері әр азаматты туған жеріне жанашыр болуға үндейді деп ойлаймын. Спортшы ретінде мен бұл бастаманың мәнін тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарымен байланыстырамын. Себебі спортта да, қоғамда да жақсы нәтижеге жүйелі еңбек пен ортақ тәртіп арқылы ғана қол жеткізіледі.
Президенттің Отанға деген сүйіспеншілік туған жерден басталатыны туралы пікірі өте орынды. Адам өз үйінің, ауласының, көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, бұл әдет біртіндеп бүкіл қоғамға әсер етеді. Елді сүюді үлкен сөздерден емес, күнделікті қарапайым істерден бастаған жөн.
«Таза Қазақстан» бастамасы азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырып қана қоймай, қоғамда ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Табиғатты қорғау, ағаш отырғызу, қоғамдық орындарды таза ұстау – әрқайсымыз атқара алатын нақты іс.
Спортта тәртіп пен тазалықтың да өзіндік орны бар. Спорт алаңын, жаттығу орнын таза ұстау, айналаға зиян келтірмеу, табиғатты аялау – адамның мәдениеті мен тәрбиесін көрсетеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті де күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек.
Әсіресе жастардың осындай қоғамдық бастамаларға белсенді араласқаны маңызды. Жас ұрпақ табиғатты қорғауды, туған жерге жанашырлық танытуды ерте жастан үйренсе, бұл құндылықтар олардың өмірлік ұстанымына айналады. Спортшылардың да жастарға үлгі көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға атсалысуы маңызды деп санаймын.
Қазақ халқы табиғатты қашанда қадірлеген. «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөздің өзінде кейінгі ұрпаққа деген үлкен жауапкершілік жатыр. Бүгін отырғызылған әрбір тал – болашаққа жасалған қамқорлық.
Меніңше, «Таза Қазақстан» – белгілі бір уақыт аралығында өткізілетін акция ғана емес, әр адамның күнделікті ұстанымына айналуы тиіс мәдениет. Спортта жеңіске жету үшін тәртіп қажет болса, таза әрі өркениетті қоғам құру үшін де әр азаматтың жауапкершілігі керек.
Туған жерді қорғау мен көркейту – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан еліміздің таза, жасыл әрі жайлы болуы үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл – елге, туған жерге және болашақ ұрпаққа деген құрметтің нақты көрінісі.
Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВ,
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары