Шымкент қаласында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Кезекті шара барысында 40 отбасыға баспана кілті табысталды. Пәтерлер Асар-2 шағынауданында орналасқан және «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары аясында төлем қабілетін растаған азаматтарға берілді. Олардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
Биыл Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 386 пәтер беру жоспарланған. Бүгінге дейін 3 699 пәтердің кілті табысталды. Жыл соңына дейін тағы 3 687 пәтер беру көзделіп отыр.
Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков психофизикалық даму ерекшеліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік кешенді көмек көрсететін «Қамқорлық» оңалту орталығына барды.
150 орынға арналған орталықта логопедтермен сабақтар, емдік дене шынықтыру, керамика және робототехника бағыттары бойынша үйірмелер ұйымдастырылған. Орталықтағы сабақ өткізу жағдайымен және мамандардың жұмысымен танысу барысында оңалту шараларының сапасына, сондай-ақ нысанның қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуына ерекше көңіл бөлу тапсырылды.
Әл-Фараби ауданында есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернаттың жұмысы да назарға алынды. 2024 жылы мұнда 40 орындық қосымша корпус салынған. Мекеме есту қабілеті бұзылған балалардың білім алуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне маңызды үлес қосып келеді. Балалардың өз қабілетін ашып, қажетті білім алып, өз бетінше өмір сүру дағдыларын қалыптастыруына қолайлы орта жасау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Еңбекші ауданындағы 1976 жылы салынған №53 «Ер-Асыл» балабақшасының жағдайы қаралды. 150 орынға арналған мектепке дейінгі ұйымда бүгінде 138 бала тәрбиеленіп жатыр.
Ғимараттың ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келе жатқанын ескере отырып, нысанға кешенді күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі айтылды. Жауапты тұлғаларға қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеп, балабақшаны алдағы кезеңге арналған күрделі жөндеу жоспарына енгізу тапсырылды.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары