Үшінші мегаполис соңғы жылдары экономикалық белсенділігін айтарлықтай арттырып, инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Соңғы үш жылда Шымкент экономикасына 2,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның 75 пайызы жеке инвесторлардың қаражаты. Осы кезеңде 170 миллиард теңгенің 50 ірі жобасы іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіштер қаланың инвестициялық орталық ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Шымкенттің қазіргі экономикалық келбетін бір ғана көрсеткішпен бағалау қиын. Инвестиция көлемінің өсуі өз алдына маңызды болғанымен, оның экономикаға нақты әсері жаңа өндірістердің ашылуынан, жұмыс орындарының құрылуынан, салық түсімдерінің артуынан және қаланың инфрақұрылымдық әлеуетінің күшеюінен көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы үш жылдағы өзгерістерді өзара байланысты бірнеше бағыт бойынша қарастыруға болады.
Соңғы үш жылда қалаға тартылған 2 триллион 300 миллиард теңге инвестицияның төрттен үші жеке сектордың үлесіне тиесілі. Бұл – Шымкенттің бизнес үшін тартымдылығы артып келе жатқанының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Мемлекеттік инвестиция, ең алдымен, инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың дамуына негіз болса, жеке капиталдың келуі өндіріс пен қызмет көрсету секторындағы нақты экономикалық белсенділікті күшейтеді. Кәсіпкерлік нысандардың ашылуы жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жергілікті бюджетке түсетін кірістердің ұлғаюына да ықпал етеді.
Бүгінде Шымкент экономикасының өсімі 10 пайызға жетіп, қала республика бойынша үздік бестіктің қатарына енді. Қала бюджетінің соңғы үш жылда 1,4 есеге өсіп, 868 миллиард теңгеге жетуі де экономикалық белсенділіктің артқанын аңғартады. Оның ішінде шаһардың өз кірістері 644 миллиард теңгені құраған.
Бұл жерде маңызды мәселе – экономикалық өсімнің көлемімен қатар, оның сапасы. Яғни инвестицияның қанша көлемде келгенінен бұрын, оның қандай секторларға бағытталғаны, қанша тұрақты жұмыс орны ашылғаны және өндірістің қала экономикасына қаншалықты ұзақ мерзімді әсер ететіні маңызды.
Өнеркәсіпке басымдық берілуде
Шымкентте соңғы жылдары өнеркәсіптік жобаларға ерекше басымдық беріліп отыр. Жоғарыда айтқанымыздай 50 ірі жобаның жүзеге асуы – осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі.
Өндіріс орындарының көбеюі қаланың тек сауда және қызмет көрсету орталығы ретіндегі емес, өндірістік-экономикалық орталық ретіндегі әлеуетін де арттырады. Өйткені, жаңа кәсіпорындар қосылған сайын тауар өндіру көлемі ұлғайып, жергілікті мамандарға сұраныс артады.
Бұл ретте әлемдік деңгейдегі компаниялардың Шымкентке келуі де ерекше мән беруге тұрарлық экономикалық өсім.
Солардың бірі – трансұлттық Coca-Cola компаниясы. Шымкенттегі жобаға 27 миллиард теңге инвестиция салынып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Мұндай ірі инвесторлардың қалаға келуі тек қаржы тартумен шектелмейді. Олар өндірістің жаңа мәдениетін, технологиялық шешімдерді және басқарудың заманауи тәсілдерін алып келеді.
Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлер мен мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз болары сөзсіз.
Ынтымақтастық жаңа жобаларға жол ашады
Шымкенттің инвестициялық саясаты ішкі нарықпен ғана шектелмей, халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қытайдың Сиань қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластықтар жасалды.
Сол жобалардың бірі – құны 54 миллиард теңге болатын заманауи қалдықтарды өңдеу зауыты.
Кәсіпорын тәулігіне 1000 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты өңдеп, термиялық өңдеу технологиясы арқылы 24 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Жоба іске қосылған жағдайда тұрақты 80 жұмыс орны ашылады.
Бұл жобаның ерекшелігі-оның экономикалық және экологиялық міндеттерді қатар шешуге бағытталуында. Яғни қалдықтарды басқару мәселесі бір жағынан жаңа өндірістік бағытқа айналса, екінші жағынан қаладағы экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Шымкент үшін болашағы зор бағыттардың бірі – агроөнеркәсіптік кешен.
Қала аумағында 650 гектар жерде еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешендерінің бірі бой көтеріп жатыр. Түркияның Alarko Holding компаниясы бұл жобаға 650 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, польшалық Fabe Polska компаниясы 136 миллион долларлық жоғары технологиялы жылыжай салу жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл жобалардың экономикалық мәні тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттырумен шектелмейді. Заманауи жылыжай технологиялары өндірісті жыл бойы жүргізуге, өнімділікті арттыруға және агросектордағы еңбек өнімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы – мұндай өндірістердің айналасында логистика, сақтау, өңдеу, қаптама және басқа да ілеспе салалардың дамуына мүмкіндік пайда болады. Демек, бір ірі инвестициялық жоба бірнеше экономикалық бағыттың қатар дамуына серпін бере алады.
Инвестицияның нәтижелі болуы тек кәсіпорын салумен өлшенбейді. Кез келген инвестор үшін инженерлік инфрақұрылымның сапасы, жолдың жағдайы, электр энергиясы мен суға қолжетімділік, логистикалық мүмкіндіктер маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда қаладағы инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары экономикалық дамудың негізгі тіректерінің біріне айналып отыр.
Бүгінде Шымкент тұрғындары ауыз сумен, ыстық сумен және электр энергиясымен толық қамтылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызға жетсе, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 70 пайыздан асты.
Коммуналдық желілерді жаңарту бағытында да алға жылжу бар. 33 шақырым су құбыры мен 50 шақырым жылу желісі жаңартылды. Электрмен қамтуды жақсарту үшін 600-ге жуық жаңа трансформаторлық станция орнатылып, шамамен 1000 шақырым электр желісі тартылды.
Бұл көрсеткіштерді тек коммуналдық саладағы жетістік ретінде қарастыру жеткіліксіз. Инженерлік инфрақұрылымның жақсаруы жаңа шағын аудандардың дамуына, кәсіпкерлік нысандардың ашылуына және инвестициялық жобалардың іске асуына қажетті жағдай қалыптастырады.
Қаланың логистикалық әлеуеті күшейіп келеді
Экономиканың дамуы көлік инфрақұрылымымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары Шымкентте 1500 шақырымнан астам жол жөнделіп, екі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Момынов көшесіндегі теміржол өткелінде қозғалыс ашылды.
Биыл Бәйдібек би мен Қ.Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайрық пен К.Тіленшин көшесіндегі өткелдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Д.Қонаев даңғылы мен А-2 транзиттік айналма жолын реконструкциялау жұмыстары да жалғасып жатыр.
Қала үшін бұл жобалардың стратегиялық маңызы зор. Себебі, жол сапасының жақсаруы ең алдымен тұрғындардың күнделікті қозғалысына әсер еткенімен, оның экономикалық салдары бұдан әлдеқайда кең. Тауар жеткізу уақыты қысқарып, көлік шығыны төмендеген сайын бизнестің жұмыс тиімділігі де артады.
Шымкенттің әуе және теміржол инфрақұрылымының жаңаруы да қаланың өңірлік көлік-логистикалық орталық ретіндегі мүмкіндігін кеңейтеді. Жаңа халықаралық әуежай пайдалануға беріліп, теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Қазіргі уақытта жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы жүргізілуде.
Экономикалық даму тұрғындардың өмір сапасына әсер етері сөзсіз. Сондықтан Шымкенттегі әлеуметтік инфрақұрылымның кеңеюі экономикалық саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Соңғы үш жылда қалада 60 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешілді. Денсаулық сақтау саласында 13 медициналық нысан іске қосылып, жедел жәрдем автопаркі 65 көлікпен толықты.
Спорт инфрақұрылымы да кеңейіп, екі модульдік спорт кешені мен 75 спорт алаңшасы салынды.
Бұл жобалардың барлығы қаланың адам капиталын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция деуге негіз бар. Білімді, дені сау және кәсіби білікті тұрғындар – жаңа экономиканың басты ресурсы.
Қоғамдық көлік паркін жаңарту, мектеп оқушылары мен 70 жастан асқан зейнеткерлерге тегін жүру мүмкіндігін беру де қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік шаралардың қатарында.
Қаланың инвестициялық әлеуетін тек өндірістік нысандар мен бизнеске жасалған жағдай арқылы бағалауға болмас. Инвестор үшін мамандардың өмір сүру ортасы, экология, демалыс орындары мен қаланың жалпы жайлылығы да маңызды факторға айналды.
Шымкентте соңғы кезеңде бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Бір жыл ішінде 45 жаңа гүлзар, саябақ және қоғамдық кеңістік ашылып, олардың жалпы саны 90-ға жетті. Демеушілер есебінен 17 жаңа фонтан салынды.
Бұрынғы қоқыс полигонының орнында 45 гектар аумақта «Экопарк» бой көтерді. Қошқар-Ата өзенінің 6,9 шақырым жағалауы абаттандырылды.
Мемлекет меншігіне қайтарылған «Қиял әлемі» мен «Кең баба» саябақтарының орнына заманауи Жапон саябағы мен City Park пайдалануға берілді. Гүлдер аллеясы мен Шымкент сити саябағының құрылысы да аяқталды.
Мұндай жобалар қаланың сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймайды. Олар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, қаланың туристік және инвестициялық имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Келесі кезеңде басты міндет тек инвестиция көлемін арттыру емес, оның тиімділігін күшейту болмақ. Жаңа өндірістердің технологиялық деңгейін көтеру, жергілікті қамтуды ұлғайту, жоғары өнімді жұмыс орындарын көбейту, шағын және орта бизнестің ірі жобалардың айналасына шоғырлануына жағдай жасау – экономикалық өсімнің сапасын анықтайтын факторлар.
Шымкент бүгінде инвестиция қабылдайтын қала деңгейінен өндіріс пен жаңа технологиялар тоғысқан экономикалық орталыққа айналу кезеңінде тұр. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, көлік-логистика, коммуналдық инфрақұрылым және әлеуметтік саланың қатар дамуы осы процестің өзара байланысты бөліктерін қалыптастырып отыр.
Сондықтан бүгінгі 10 пайыздық экономикалық өсімнің ең маңызды нәтижесі – оның қаланың ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын жүйелі өзгерістермен қатар жүруі. Ал, осы қарқынды сақтап, инвестицияны нақты экономикалық нәтижеге айналдыру Шымкенттің алдағы жылдардағы басты міндеттерінің бірі болмақ.
Ж.ЕРЖАНОВА
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары