Шымкентте табиғи монополиялар саласын реттеу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың сегіз айындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жобалар Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте талқыланды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Кенжеболат Қошекбаев мәлімдеді.
Қазіргі таңда қала бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне 72 қызмет түрі бойынша 55 субъект енгізілген. Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нарықта бір субъект қызмет көрсетеді. Департамент Шымкенттегі бес базалық табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Олардың барлығына заңнама талаптарына сәйкес бес жылдық тарифтер бекітілген.
Есепті кезеңде табиғи монополиялар субъектілерінен 82 есеп қабылданды. Оның 72-сі 2025 жылғы тарифтік сметалардың, 10-ы инвестициялық бағдарламалардың орындалуына қатысты. Қазіргі уақытта есептерді қарау жұмыстары жалғасуда. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңартуға бағытталған ұлттық жоба аясында бірқатар бастама ұсынылды. Атап айтқанда, жылу саласында 2026-2029 жылдарға арналған жалпы құны 0,3 млрд теңге болатын жоба жоспарланған. Жоба іске асқан жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 0,8 пайызға төмендейді деп күтілуде.
Сондай-ақ сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғыртуға бағытталған жобалар қарастырылған. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде сумен жабдықтау жүйесінің тозуын 1,5-7,5 пайызға, ал кәріз жүйелерінің тозуын 1,3-5,7 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Аталған жобалар қаланың коммуналдық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртуға, оның тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Толығырақ: https://youtube.com/live/zouaLVgk1vg
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары