Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірі — ұрпаққа үлгі — Xnews — ақпарат агенттігі

Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірі — ұрпаққа үлгі

Ұлттың рухани мұрасын түгендеп, төл мәдениетінің қайта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі — Өзбекәлі Жәнібеков. Мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениет саласының жанашыры, этнографтың туғанына биыл 95 жыл. Осыған орай «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы «Ө. Жәнібековтің іздерімен» атты танымдық іс-шара ұйымдастырды. Кездесуде қайраткердің өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы бастамалары кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, ақындар іс-шарада жырдан шашу шашып, қатысушыларға көңіл күй сыйлады.

Өзбекәлі Жәнібеков — қазақтың тарихи-мәдени мұрасын зерттеп қана қоймай, оны халықпен қайта қауыштыруға күш салған қайраткер. Ол ұлттық өнер мен салт-дәстүрдің сақталуына, тарихи тұлғалардың есімін жаңғыртуға, мәдени ескерткіштердің қайта қалпына келтірілуіне айрықша еңбек сіңірді. Бүгінде оның есімі мәдениет саласындағы жаңашыл бастамалармен қатар, этнография ғылымымен де тығыз байланысты. Осыған орай, ұйымдастырушылар, танымдық кездесуге аға буынмен бірге мектеп оқушыларын да арнайы тартқан.

Нұрлан Есенқұлов, ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі:
«Бізде енді үлкен кісілерде бар, бірақ көптеп мектеп оқушыларын тартып отырмыз. Неге? Себебі, біздің тұлғаларды танысын. Елдің ел болуына, ұлттың ұлт болуына, біздің мәденеитіміздің қарыштауына, тарихи тұлғаларымыздың қазақ халқымен қайтадан қауышуына үлкен еңбек жасаған Өзбекәлі секілді тұлғаны тану керек. Сондықтан біз жастарды, жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей деп, осы балаларымыз мектеп қабырғасында жүргеннен танытсақ есінде қалады».

Кездесуде Жәнібековтің ел тарихындағы орны ғана емес, кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы да кеңінен әңгімеленді. Оның ұлттық мәдениетке деген жанашырлығы, қазақтың салт-дәстүрі мен қолөнерін дәріптеуі, тарихи мұраны зерттеуге деген табандылығы жастарға үлгі екені айтылды. Қайраткердің өмір жолын жақсы білетін жақындары да оның бар ғұмырын ел игілігіне арнағанын атап өтті.

Айғаным Серім, Ө.Жәнібековтің немере қарындасы:
«Қалың қазақтың өз ағасы деп, қазақ халқы солай атаған. Ол кісі барлық күш жігерін барын, арман мақсатын халыққа арнады. Жалпы мақсаты — қазақ жастарының мықты болуын қалады. Олардың біріншіден өзінің тілін жақсы білуін қалады. Ол кісінің арласпаған саласы жоқ екен. Ол кісі хан болса да, басқа болса да, ешкімнен қорықпастан, «Первые этнографы Қазақстана» деген кітабында хандардың өзінің этнограф болғанын жазып кетті. Бұның өзі жастарға үлгі деп ойлаймын».

Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі бір кезеңнің ғана тарихы емес, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған тұтас мұра. Оның бастамасымен көптеген тарихи жәдігер мен мәдени құндылық ел игілігіне қайта оралды. Бүгінде қайраткердің өнегелі жолын жас ұрпаққа таныстыру – оның есімін ұлықтаудың ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің де бір жолы екенін айтады.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...