Уақытты қайта сөйлеткен шебер — Xnews — ақпарат агенттігі

Уақытты қайта сөйлеткен шебер

Сағат – сан ғасырлық тарихы бар адамзат жетістіктерінің бірі. Уақытты өлшейтін маңызды құрал ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен өнердің, технологиялық дамудың, сәннің ажырамас бөлшегіне айналды. Қазір ұялы телефондар көп қолданыста болса да, сағаттың мәртебесі қашан да жоғары.

Шымкентте уақытты ондаған жыл бұрынғы қалпында көрсетіп тұрған көне сағаттарды жөндейтін шебер бар. Оның қолынан өткен әр сағаттың өз тарихы бар. Кейбірі атадан балаға мұра болып жетсе, енді бірі талай жыл сақталған құнды жәдігер. Көне сағаттардың сырын тарқататын шебер туралы алдағы бейнематериалда.

Қазір уақытты білу үшін сағат іздеп әуре болмаймыз. Телефонға бір қарап, керек уақытты біле қоямыз. Ал мына шеберханада уақыттың өзін сезінуге болады. Мұнда әр сағаттың өз тарихы бар. Бірінің тетігі тозса, енді бірінің тілі жүрмей қалады. Ал шебер солардың әрқайсысын қайта іске қосып, бұрынғы қалпына келтіруге тырысады

Арнайы кілтпен бұрап қоятын бұл механикалық сағаттың жасалғанына елу жылға жуық уақыт болған. Соған қарамастан, уақытты әлі де дәл көрсетіп тұр. Бір кездері талай үйдің төрінде тұрған «Янтарь» сағаты бүгінде сирек кездеседі. Әр сағат сайын қоңырау соғып, ішіндегі тербеліп тұратын тетігі уақыттың өтіп жатқанын еске салады. Владимир Костин үшін мұндай сағаттардың орны ерекше. Өйткені шеберге жөндеуге әкелінетін дүниелердің арасында атадан балаға мұра болып қалған отбасылық жәдігерлер де бар. Тіпті тарихы бірнеше ондаған жылды артқа тастайтын ерекше сағаттар да кездеседі.

Владимир Костин, сағат шебері:
«Мен осы экипаждан қалған сағаттарды іздеп жүрмін. Мүмкін Германияда біреуі сақталған шығар. Бұл – 1943 жылы суға батырылған Ю-57 сүңгуір қайығы. Экипаж мүшелерінің біразы құтқарылған. Капитан кемеден шықпаған, сол жерде қаза болған. Өйткені капитан кемені ең соңғы болып тастап шығуы керек. Осы сағаттар маған Америка мен Грекия арқылы жетті».

Владимир Костин сағат жөндеуге алғаш рет 16 жасында қызыққан. Кейін теңіз флотында қызмет етті. Хабаровскіде тұрып, еңбек етті. Ал тағдыр оны Шымкентке алып келген соң, осы кәсіпті жалғастырып, сағат жөндеуді тұрақты жұмысына айналдырды.

Осы жылдар ішінде оның қолынан талай бағалы сағат өткен. Арасында екі жүз жыл бұрын жасалған әйгілі «Павелъ Буре» сағаттары да бар. Тіпті бағасы жақсы бір пәтердің құнымен шамалас сағаттарды да жөндеген.

Владимир Костин, сағат шебері:
«Бірде сағат әкелді. Бірден қорабына көзім түсті. Қорабының өзі ерекше, өнер туындысы деуге болады. Үстінде «Patek Philippe» деген жазуы бар. Іші де өте күрделі жасалған. Иесі бұл сағатты сыйлыққа алған екен. Бірақ қалай жұмыс істейтінін түсінбеген. Қателеспесем, тоғыз тілі бар, ішінде турбийон механизмі орналасқан».

Бір адам үшін сағат – уақыт көрсететін қарапайым бұйым. Ал енді бірі үшін оның орны бөлек. Себебі ол – атадан қалған мұра, жақын адамнан жеткен естелік. Шебердің қолына соғыс жылдарында ерлігі үшін батырларға табысталған сағаттар да түскен. Сондықтан Владимир Костин үшін жөндеуге келген әр сағаттың жөні бөлек.

Бұлар да мінсіз. Сол заман үшін сапасы өте жоғары. Шынымен керемет жасалған. Ішін ашып көргің келеді. Бірақ ашуға қимайсың. Бір жеріне сызат түсіп кетпесе екен дейсің.

Бүгінде уақытты телефоннан көріп, қолсағаттың орнына смарт-сағат тағып жүргендер көп. Соған қарамастан, механикалық сағаттарға қызығушылық әлі де бар. Сағат шебері бұл кәсіптің болашағы бар деп есептейді. Шымкент тұрғындарының да талғамы әртүрлі. Бірі көне сағаттың сыртқы көрінісін ұнатса, енді бірі уақытты телефоннан көруге әбден үйренген.

«Сыртқы түрі ұнайды. Өте әдемі екен. Осындай сағат тағып жүрсіз бе?

— Иә.

— Мен тақпаймын. Қазір бәрі телефонға көшіп кетті ғой. Сағатты көп қолданбаймын.

— Осындай сағаттар қолжетімді әрі бағасы арзан болса, алар едім. Қазір электронды сағат қолданамын».

Уақыт өтеді, заман өзгереді. Бірақ кейбір дүниелердің қадірі жоғалмайды. Көне сағаттың әр тетігі – өткен күннен қалған белгі.Ал Владимир Костиннің шеберханасында тоқтап қалған сағаттар қайта жүріп, уақыт өз ырғағымен жалғаса береді.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...