Түркістан жастары – бір толқында — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістан жастары – бір толқында

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңін қалыптастыратын жасампаз буын. Олардың бойындағы жалын мен жігер, білім мен ізденіс, жаңашылдыққа деген ұмтылыс кез келген мемлекеттің дамуына серпін береді. Осы орайда Халықаралық жастар күніне арналған «Түркістан жастары бір толқында!» атты мерекелік кеш шаһар жастарының басын қосып, олардың өнері мен қабілетін, жетістігі мен белсенділігін кеңінен танытты.

Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» саябағында өткен ауқымды шараға білім мен ғылымда, спорт пен өнерде, шығармашылық пен қоғамдық жұмыстарда биік белестерді бағындырып жүрген жалынды жастар қатысты. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жастардың тың бастамалары мен ерекше таланттарын тамашалауға мүмкіндік берді.

Бұл кештің басты ерекшелігі – жастардың мерекені тамашалаушы ғана емес, оны ұйымдастырушы әрі мазмұндық тұрғыдан байытушы күшке айналуы болды. Әрбір алаңда олардың қолтаңбасы, шығармашылық ізденісі мен жаңашыл көзқарасы айқын аңғарылды. Бірі ән шырқап, би билесе, енді бірі спорттық өнерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Ал қолөнер шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып, ұлттық құндылықтардың заманауи жастар арасында да маңызын жоғалтпағанын көрсетті.

Мерекелік бағдарлама аясында қолөнер бұйымдарының көрмесі, кітап жәрмеңкесі, ұлттық ойындар, көше әндері, музыкалық қойылымдар мен сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар акробатикалық шоу көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Түрлі ойындар мен танымдық алаңдар да кештің мазмұнын байыта түсті. Осылайша, саябақ аумағы өнер мен мәдениеттің, спорт пен шығармашылықтың тоғысқан орталығына айналды.

Шараға қатысқан қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жастарды мерекемен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі орнына тоқталды. Қала басшысы бүгінгі жас буынның білімге құштарлығы, жаңа идеяларға ашықтығы және заманауи технологияларды меңгеруге деген талпынысы ел дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Жалынды жастарымыз қасиетті қала өмірінің барлық саласына белсене араласып келе жатыр. Өнерде оза шауып, ғылымда төрге озған жастарымыз қаншама. Технологияның тілін тауып, жасанды интеллект әлеуетін меңгерген жастарымызбен мақтана аламыз. Жетілу мен жетістікке жету үшін мемлекетіміз барлық жағдайды жасап келеді. Жас достарымызды еліміз бен өнеріміздің өркендеуіне үлес қосуға шақырамын», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Расында, бүгінгі жастардың талабы мен талпынысы бұрынғыдан өзгерек. Олар дәстүрлі біліммен шектелмей, цифрлық технологияларды меңгеруге, жаңа кәсіптерді игеруге, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Бірі ғылым жолында ізденсе, енді бірі кәсіпкерлікке бет бұрып, тың жобаларын жүзеге асыруда. Ал спорт пен өнер саласында ел намысын қорғап жүрген жастардың жетістігі – тұтас қоғамның мақтанышы.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 78 мыңнан астам жас тұрады. Бұл шаһар тұрғындарының 31 пайызына тең. Яғни қала халқының үштен біріне жуығын құрайтын жас буын – Түркістанның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашақ дамуындағы маңызды күш. Олардың білім, ғылым, спорт, өнер және жаңа технологиялар саласындағы жетістіктері қаланың абыройын асқақтатып келеді.

Жастардың осындай табыстарын көпшілікке таныту, олардың еңбегін бағалап, өзгелерге үлгі ету – мерекелік шараның негізгі мақсаттарының бірі. Осыған орай жиын барысында түрлі салада жоғары нәтижеге қол жеткізген бірқатар жасқа құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.

Солардың қатарында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар да бар. Атап айтқанда, таеквондодан Әлем кубогінің жеңімпазы Аманай Құралбеков пен оның әріптесі Мақсат халықаралық додалардағы нәтижелері үшін марапатталды. Олар «KOREA OPEN G-2» турнирінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Аманай аталған жарыста чемпион атанса, Мақсат Әлем кубогінде екінші орын иеленген.

«Мен қасымдағы Мақсат ағам екеуіміз «KOREA OPEN G-2» турниріне қатыстық. Өзім чемпион атандым, ал Мақсат ағам Әлем кубогінен екінші орын алды. Бүгін бізді арнайы марапаттап жатыр. Үздік спортшы ретінде бағалап, еңбегімізді елеп жатқандарына үлкен рақмет», – дейді Аманай Құралбеков.

Жас спортшының бұл сөзі жеңістің артында үлкен еңбек, үздіксіз жаттығу мен табандылық жатқанын аңғартады. Халықаралық жарыстарда топ жару – тек жеке спортшының жетістігі емес, туған қаласы мен елінің мерейін көтеретін маңызды нәтиже. Осындай жастардың жетістігін дәріптеу өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, биік мақсаттарға ұмтылуына ықпал етеді.

Кештің тағы бір әсерлі сәті – ұлттық ұлан сарбаздарының өнер көрсетуі болды. Көрермендер қатарында отырған әскери қызметшілердің әуезді әндері көпшіліктің көңілінен шығып, мерекелік бағдарламаның мазмұнын аша түсті. Бұл көрініс жастардың бойындағы отансүйгіштік сезім мен өнерге деген құрметтің өзара үндесетінін көрсетті. Әскердегі тәртіп пен жауапкершілікті өнермен ұштастырған сарбаздардың өнері көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Жалпы, мерекелік кештің әрбір сәті жастардың жан-жақты қабілетін танытуға бағытталды. Ән мен би, сән көрсетілімі, акробатикалық қойылымдар, түрлі ойындар мен шығармашылық алаңдар қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал кеш соңында ұйымдастырылған мерекелік отшашу көпшіліктің қуанышына қуаныш қосып, есте қаларлық әсер қалдырды.

«Түркістан жастары бір толқында!» атауының өзі терең мағынаға ие. Өйткені бір толқында болу – ортақ мақсатқа ұмтылу, бір-бірін қолдау, жақсы бастамаларға бірге атсалысу деген сөз. Бүгінгі жас буынның бойында осындай бірлік пен ынтымақ, ізденіс пен жаңашылдық бар. Оларға тек бағыт-бағдар беріп, қабілетін шыңдауға мүмкіндік жасау маңызды.

Жастарға ең керегі – сенім мен мүмкіндік. Қолдау тапқан бастама қанаттанып, бағаланған еңбек жаңа жетістіктерге жол ашады. Сондықтан мұндай мерекелік кездесулердің мәні тек көңіл көтерумен шектелмейді. Олар талантты жастарды танытып, олардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялармен бөлісуіне және ортақ мақсат төңірегінде топтасуына жағдай жасайды.

Түркістанның бүгінгі жастары – білімді, ізденімпаз, жаңашыл әрі жігерлі. Олар туған қаласының дамуына үлес қосып қана қоймай, елдің абыройын асқақтатуға да дайын. Ендеше, жастарға жол ашып, бастамаларына қолдау көрсету – болашаққа салынған инвестиция. Өйткені бүгінгі жалынды буынның жетістігі – ертеңгі ел табысының кепілі.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...