“Шымқала кеші” Абай күніне арналды — Xnews — ақпарат агенттігі

“Шымқала кеші” Абай күніне арналды

Шымкентте Абай күніне орай өтіп жатқан мәдени іс-шаралар “Шымқала” тарихи-мәдени кешенінде жалғасын тапты. Бұл жолғы “Шымқала кеші” ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтауға арналды.

Кештің шымылдығы Жастар театры өнерпаздарының орындауындағы «Қалың елім, қазағым» поэтикалық толғауымен түрілді. Сахнада ақынның ел тағдыры, халықтың болмысы мен адамдық қасиеттері жайлы терең ойлары көркем сөз арқылы өріліп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Поэзиямен басталған кеш әсем әнмен жалғасты. Сахна төріне «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары шығып, көрерменге қазақ музыкасының таңдаулы туындыларын тарту етті. Кеш бағдарламасында қазақтың сырлы әндері шырқалып, көрерменге «Көзімнің қарасы», «Оралшы махаббат», «Таң сыры», «Тәтті бақыт», «Ризамын», «Отаным», «Қазақ елі» және басқа да шығармалар ұсынылды.

Әсерлі әуен мен тағылымды поэзия астасқан кеш көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Абай мұрасын өнер арқылы қайта жаңғыртты. Кеш барысында ұлы ақынның шығармашылығы кеңінен дәріптеліп, ұлттық өнердің құндылығы тағы бір мәрте айқын көрінді.

Анықтама. Абай Құнанбаев — ұлы ақын, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Шын есімі — Ибраһим, бірақ Зере әжесі Абай (қаз. Абай – «ұқыпты», «сақ») деп атаған.

А. Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыстау баурайындағы Қасқабұлақ ауылында (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) дүниеге келді. Абайдың арғы тегі билер мен ақсүйектердің руы – Тобықтыдан басталады.

Абайдың сөз өнеріне ерте баулуына әжесі Зере әсер еткен​​. Әжесі халық ауыз әдебиетін жетік меңгеріп, немересіне білімге деген құштарлық пен сүйіспеншілікті сіңіре білген, Абайдың алғашқы тәрбиешісі және ұстазы десе де болады.

Абай Құнанбаев қазақтар арасында орыс және еуропалық мәдениеттің таралуына өз үлесін қосқан.

Абайдың дүниетанымының қалыптасуына гуманистік идеяларды ұстанған шығыс ақындары мен ғалымдары (Фирдауси, Әлішер Науаи, Низами, Физули, Ибн Сина және басқалары), сонымен қатар орыс классиктерінің шығармалары және солар арқылы жалпы Еуропа әдебиеті әсер етті. Крыловтың, Лермонтовтың, Пушкиннің, Гете мен Байронның шығармаларын аударған.

Абай 170 астам өлең жазды. 56 аударма мен философиялық трактаттар стилінде жазылған 45 «Қара сөздің» авторы. Қара сөздері тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Бұл шығармаларында этникалық қазақтардың тарихы, педагогикасы, адамгершілігі және заңы мәселелері көтерілген. Абай қазіргі кезде танымал болып табылатын жиырма шақты әуен шығарып, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз.

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...