Шымкентте Абай мұрасын дәріптеген байқау өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте Абай мұрасын дәріптеген байқау өтті

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Абайдың осы бір тағылымды сөзі бүгінгі жас ұрпаққа да бағыт-бағдар беретін өмірлік ұстанымның бірі. Бүгін дәл осындай рухани құндылықтарды бойына сіңірген жастардың өнері мен білімін тоғыстырған байқау өтті.

Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жастар Fest – 2026» жобасы аясында өткен поэзия байқауына өресімен озған жастар жиналды. Қала жастары қазақ әдебиетінің жауһарларын жатқа оқып, ақындардың сырлы сөзі мен терең ойын көпшілікке жеткізді.

Байқау барысында жастар Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов сынды қазақтың заңғар ақындарының шығармаларын мәнерін келтіре оқыды. Бірі Абайдың философиялық тереңдігіне бойласа, енді бірі Мұқағалидың сыршыл жырлары арқылы көрерменге әсер сыйлады. Сахна төрінде поэзия оқылып қана қоймай, жастардың әдебиетке деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілеті де сынға түсті.
Абай мұрасы уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін рухани қазына. Ұлы ақынның шығармалары бүгінгі ұрпаққа білім мен еңбекке ұмтылуды, адамгершілік пен ар-ұятты биік қоюды үйретеді.

«Абайдың мұрасы өзінің өзектілігін ешқашан жоймаған, уақыт өткен сайын оның әрбір сөзіне жаңаша мән беріп, тереңірек үңіле түсеміз. Ұлы ақынның шығармалары жастарға бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да бағдарын көрсететін құнды дүние. Сондықтан осы рухани құндылықтарды жастардың бойына сіңіру бағытында түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырып келеміз, – дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман.

Оның сөзінше, жастарды Абай әлемімен жақын таныстыру мақсатында жоғары оқу орындарымен бірлескен кездесулер, шығармашылық оқылымдар мен пікірталастар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ жастардың қатысуымен Абайға қатысты рухани орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, ақын мұрасы жан-жақты насихатталуда.

Бүгінгі поэзия байқауы да осы игі бастамалардың жалғасы. Себебі кітап оқып, өлең жаттап, ақын сөзінің мәніне үңілген жас рухани тұрғыдан қалыптасқан, ойы сергек тұлға. Ал мұндай жастардың көбеюі көңіл қуантады.
Байқауға қатысқан жастардың өнерін ақын, жазушы Әлішер Әлімжан, актер Махметалы Дариев және қазақ тілі маманы Камшат Сүлейменова бағалап, әділ қазылық етті. Қазылар алқасы әр қатысушының өлеңді мәнерлеп оқуына, сахна мәдениеті мен шығарманы жеткізу шеберлігіне назар аударды.

Өнер мен білімді қатар ұштаған жастардың басын қосқан байқауда үздік өнер көрсеткен қатысушылар арнайы марапаттарға ие болады. Жеңімпаздарды бағалы жүлделер мен сый-сияпат күтуде.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...