Шымкентте Абай әлеміне арналған мерекелік концерт өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте Абай әлеміне арналған мерекелік концерт өтті

«10 тамыз – Абай күні» аясында Шымсити паркінде «Адамзаттың перзенті – Ұлы Абай» атты концерттік кеш өтті. Шымкент қаласының өнер ұжымдары мен танымал орындаушылары қала тұрғындары мен қонақтарына Абайдың халық сүйіп тыңдайтын музыкалық туындыларын шырқап, арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынды.

Іс-шараның мақсаты — хакімнің шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны, әндерін сүйіп тыңдайтын қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, театр құндылықтарын көрсете отырып көрермендер қатарын арттыру.

Кеш барысында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан әндер орындалды.

Атап айтқанда, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ дарама театрының әртістері «Абай ауылы» прологын көркем түрде көрсетіп, “Шымкент концерт” концерттік ұйымы және Шымкент қалалық опера және балет театрының әншілерінің орындауында Л.Хамиди, А.Жұбановтың «Абай» операсынан «Тойбастар», Хор әртістерінің орындауында «Қарлығаш» және Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» т.б. әндері шырқалды.

Іс-шарада қала тұрғындар мен қонақтары хакімнің қара сөздері мен поэзиясынан қуат алып, керемет әсерге бөленді.

Абай мұрасы — өшпес қазына. Бүгін шаһарда ұлы ақын, ойшыл, Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіліп, мереке кең көлемде аталып өтті.

Айта кетсек, қазақтың Ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда дүниеге келген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың мұрасы ұлттық дамудың темірқазығы екенін айтты.
— Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында,-деді Президент.

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...