Шымкент: Абай даналығын дәріптеген тағылымды кеш — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Абай даналығын дәріптеген тағылымды кеш

Ұлы ойшылдың мұрасы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани қазына. 10 тамыз – Абай күніне орай, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада «Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» атты әдеби-танымдық шара өтті. Тағылымды кездесуге зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ұстаздар, кітапхана оқырмандары мен жастар қатысты.

Абайдың шығармашылық мұрасы – ұлттың рухани қазынасы ғана емес, адамзатқа ортақ адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін терең философиялық әлем. Осыны негізге алған шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы, өлеңдері мен қара сөздеріндегі адам болмысы, білім мен ғылым, еңбек, ар-ұят, әділет пен рақым ұғымдары кеңінен сөз болды.

Жиын «Ақыл. Қайрат. Жүрек» атты композициямен басталып, Абайдың «адам болу» философиясын танытатын мазмұнды әңгімеге ұласты. Кітапхана директоры, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Анар Жаппарқұлова алғы сөз сөйлеп, Абай мұрасын насихаттаудың, әсіресе, оның терең ойларын жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызына тоқталды.

Шара барысында дәстүрлі әнші Оразәлі Жаңабай Абайдың «Сегіз аяқ» әнін орындап, ақынның музыкалық мұрасына да назар аударды.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» орталығының басшысы, абайтанушы, мұхтартанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек Абайдың дүниетанымына тоқталып, оның дінге, салт-дәстүрге және қоғамдық санаға қатысты ұстанымдарын кеңінен тарқатты.

— Абайды біз тек ақын ретінде ғана қарастырмауымыз керек. Ол – өз дәуіріндегі қоғамдық ойға ықпал еткен үлкен реформатор. Абай дін мәселесіне де, салт-дәстүрге де сын көзбен қарады. Ол дәстүрдің бәрін жоққа шығарған жоқ, керісінше, оның адамды кемелдікке бастайтын, қоғамға пайдасы бар тұстарын бағалады. Ал, адамды надандыққа, жалқаулыққа, кері түсінікке жетелейтін әдеттерді сынады. Бұл – Абайдың жаңашыл ойшыл болғанын көрсетеді», – деді Ақжол Қалшабек.

Ол Абайдың халық арасында қалыптасқан мақал-мәтелдерге де сын көзбен қарағанын атап өтті. Ақынның ұстанымы – халық айтқан әрбір сөзді талғамсыз қабылдау емес, оның мән-мағынасын ақыл таразысына салу.

— Абай кейбір мақал-мәтелдерді де сынға алды. Себебі, халық айтқанның бәрін абсолютті ақиқат деп қабылдауға болмайды. Кейбір мақалдардың астарында заманнан келе жатқан ескі түсініктер, адамды әрекетсіздікке немесе теріс мінезге итермелейтін ұғымдар жатуы мүмкін. Абай соны көрді және халықтың санасын жаңартуға тырысты. Сондықтан оның әрбір сөзіне сол заманның ғана емес, бүгінгі күннің көзімен де қарауымыз керек», – деді ғалым.

Шын мәнінде, Абайдың реформаторлық сипаты оның қоғамдағы қалыптасқан түсініктерді қайта таразылап, адамды ойлануға, ізденуге және өзін жетілдіруге шақыруынан көрінеді. Ол үшін білім мен ғылым – елді алға сүйрейтін күш, еңбек – адамды шыңдайтын қасиет, ал ар мен ұят – адамдықтың өлшемі болды. Ақынның «толық адам» тұжырымы да осы ұстанымдармен сабақтас.

Шараның келесі бөлімінде №83 жалпы білім беретін мектептің оқушылары, халықаралық Абай оқуларының жеңімпаздары Ұлзере және Балауса Батырбек әдеби композиция ұсынды. Жас өрендердің орындауындағы шығармалар арқылы Абай поэзиясының жас ұрпақ жүрегіндегі орны айқын көрінді.

Сондай-ақ, «Абайды тану – өзіңді табу» атты танымдық бөлім ұйымдастырылып, қатысушылардың өздері де белсенді араласты. «Абай үні» бөлімінде көпшілік ақынның әндерін орындаса, «Абай сөзі» кезеңінде экраннан ұсынылған үзінділер арқылы оның қай қара сөзі екенін анықтады. Ал, «Абай тағылымы…» бөлімінде оқырмандар «Абай бүгінгі жастарға кеңес берсе, қандай кеңес айтар еді?» деген сауалға өз жауаптарын жазып, арнайы тақтаға орналастырды.

Бұл бөлім шараның жай ғана тыңдалым форматында өтпей, қатысушылардың Абай ойларын өз түсінігімен пайымдауына мүмкіндік берді. Әсіресе, ақынның қара сөздері мен өлеңдеріндегі ойларды бүгінгі өмірмен байланыстыруға бағытталған тапсырмалар оның мұрасының қазіргі қоғам үшін де өзекті екенін аңғартты.

«Абай әлемі — 2026» республикалық көркемсөз оқу байқауының бас жүлде иегері Иса Жақсыгелдіұлы Шаншар ақынның «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңін мәнерлеп оқып, көрерменге әсерлі сәт сыйлады.

«Өмір философы: Абайдың кемел ойлары» атты кездесу барысында айтылған ойлардың түйіні – Абай мұрасы белгілі бір дәуірдің еншісінде қалмайтындығында. Оның білім мен ғылымды дәріптеуі, еңбекке үндеуі, әділет пен рақымды биік қоюы, ақыл, қайрат пен жүректі бір арнаға тоғыстыруы бүгінгі адам үшін де маңызды.

Абайдың өзі айтқандай, адам болу – бір күнде қалыптасатын қасиет емес. Ол үздіксіз ізденісті, өзін-өзі тәрбиелеуді, өз мінезіңе үңіліп, кемшілігіңді түзетуді талап етеді. Сондықтан Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, өзіңді тану. Ал, Абайды түсіну – адамдықтың мәніне тереңірек үңілу.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...