Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасадым.
Құрылтай – қоғамның өзекті мәселелерін талқылап, ел дамуының маңызды бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретін жаңа саяси алаң. Сондықтан бүгінгі сайлаудың маңызы зор деп есептеймін.
Түркістан қаласында бүгінгі таңда сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың саны 136 602 адамды құрап отыр. Бұл 15 наурызда өткен республикалық референдумға қатысушылар санымен салыстырғанда 2 508 адамға көп. Өсімге 18 жасқа толғандар, жаңадан тіркелген және уақытша тіркелген азаматтар әсер еткен.
Қаламызда әр азаматтың дауыс беруіне қажетті жағдай жасауға да ерекше мән берілуде. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар 1 467 сайлаушы бар. Олар үшін инватаксилер мен үйден дауыс беру мүмкіндіктері, сондай-ақ қоғамдық көліктердің тегін қызмет көрсетілуі қарастырылған.
Түркістан халқының саны да күн санап өсіп келеді. Ағымдағы жылдың шілде айындағы көрсеткіш бойынша қала тұрғындарының саны 248 160 адамға жетті. Жалпы қалада 68 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Әр дауыс – азаматтың өз ұстанымын білдіруі. Ал әр таңдау – елдің болашағына деген жауапкершілік.
Барша түркістандықтарды өз азаматтық құқығын пайдаланып, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын.
Ел болашағы – ортақ жауапкершілік.
Әзімбек Пазылбекұлы,
Түркістан қаласының әкімі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары