Көне мен заманауи келбетті тоғыстырған Шымкент бүгінде саяхатшылар үшін ерекше тартымды мекенге айналды. Қала тек сәулетімен немесе тарихи орындарымен ғана емес, ұлттық тағамдарының молдығы, қонақжайлығы және қарқынды дамып келе жатқан туристік инфрақұрылымымен де ерекшеленеді. Соңғы алты айда шаһарға 215 мыңнан астам туристің келуі – осының айқын дәлелі. Бүгінде мегаполисте 150-ден астам туристік нысан, 144 қонақүй мен 3 326 қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетіп, келушілерге жан-жақты әрі жайлы демалыс ұсынуда.
Соңғы жылдары турист тартуда Шымкентте гастрономиялық туризм басым бағыттарының бірі болып тұр. Біздің қала қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар өзбек, түрік, кавказ және шығыс асханасының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мыңдаған қоғамдық тамақтану орындары жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік туристерге де қызмет көрсетіп, Шымкенттің өзіндік гастрономиялық бренді қалыптасып келеді. 2025 жылы қалада Street Food Fest, «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылса, 2026 жылы бұл фестиваль халықаралық деңгейге көтеріліп, оған 10 елден келген танымал аспаздар мен 50-ге жуық мейрамхана қатысты. Фестиваль Шымкенттің оқиғалы және гастрономиялық туризм орталығы ретіндегі беделін арттырды.
Шымкент – сан ғасырлық тарихы мен бай мәдени мұрасы тоғысқан көне шаһар. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала ғасырлар бойы сауда-саттықтың, қолөнердің және рухани өмірдің маңызды орталықтарының бірі болды. Бүгінде сол тарихтан сыр шертетін көне қалашықтар, кесенелер мен сәулет ескерткіштері Шымкенттің басты құндылықтарының біріне айналып отыр. Бұл орындар өткен дәуірдің тынысын сезіндіріп қана қоймай, қалаға келетін туристердің қызығушылығын арттырып, өңірдің туристік әлеуетін де айқындай түсуде.
Соңғы жылдары тарихи-мәдени мұраны сақтау мен оны кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Археологиялық нысандарды жаңғырту, қасиетті орындарды абаттандыру, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру – осының барлығы Шымкенттің тарихи келбетін танытып, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына серпін беруде. Қалаға келген әрбір қонақ ежелгі шаһардың өткенімен танысып қана қоймай, оның бүгінгі тынысын да тереңірек тануға мүмкіндік алады.
«Шымқала» – екі мың жылдан астам тарихтың куәсі
Шымкент туралы сөз қозғалғанда ең алдымен ойға оралатын тарихи орын – «Шымқала» тарихи-мәдени кешені. Бұл – қала тарихының бастауы саналатын, археологтар бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізіп келе жатқан бірегей ескерткіш. Қазба жұмыстары барысында ерте эллинистік дәуірге жататын керамикалық бұйымдар, қыш ыдыстардың сынықтары, көне теңгелер мен тұрмыстық заттар табылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл жәдігерлер осы аумақта біздің заманымызға дейінгі III–II ғасырларда-ақ ірі қалалық қоныстың болғанын дәлелдейді.
Археологиялық зерттеулер мәдени қабаттың кей тұстарда 14 метрге дейін жететінін көрсетті. Бұл бірнеше дәуірдің бірінің үстіне бірі орналасқанын аңғартады. Осындай тарихи қабаттар арқылы археологтар Шымкенттің қалай қалыптасқанын, тұрғындардың тұрмысын, сауда байланыстарын және қолөнердің даму деңгейін анықтап келеді.
Ғылыми деректердің нәтижесінде Шымкент Қазақстандағы жасы нақты археологиялық дәлелдермен расталған ең көне қалалардың бірі ретінде танылды. Оның үстіне қала Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды орталықтардың бірі болғаны да дәлелденіп отыр.
«Шымқаланың» тағы бір ерекшелігі – көне қалашықтың қазіргі мегаполистің дәл орталығында сақталуы. Мұндай археологиялық ескерткіштер әлемнің өзінде өте сирек кездеседі. Сондықтан бұл кешен тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де маңызды мәдени мұра саналады.
2020 жылы туристік тартымдылық және туризмнің тұрақты дамуы мәселелері жөніндегі халықаралық комитеттің шешімімен «Шымкент қалашығы» туристік тартымдылығы ерекше нысандардың дүниежүзілік тізіміне енгізілді. Бұл – Шымкенттің тарихи құндылығы әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі.
Кешенге келген қонақтар археологиялық қазбалармен танысып қана қоймай, көне қамалдың ең биік тұсынан қаланың панорамалық көрінісін тамашалай алады. Сондықтан бұл жер бүгінде жергілікті тұрғындар мен шетелдік туристер ең көп баратын орындардың біріне айналған.
Сансыз бабтар мекені — Сайрам
Шымкенттің тарихын Сайрамсыз елестету мүмкін емес. Ежелгі Испиджаб атанған бұл өлке ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының ең ірі қалаларының бірі болды. Ортағасырлық деректерде оның саудасы дамыған, мәдениеті өркендеген шаһар болғаны айтылады.
Халық арасында «Сайрамда бар сансыз баб» деген сөздің сақталуы да бекер емес. Кейбір тарихи деректерде мұнда сексенге жуық әулие жерленгені айтылады. Сондықтан Сайрам ғасырлар бойы діни әрі рухани орталық ретінде ерекше құрметке ие.
Бұл жер ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы жерленген мекен ретінде белгілі. Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне күн сайын еліміздің әр өңірінен және шетелден келетін зияратшылардың қарасы қалың.
Қазақ арасында қалыптасқан көне дәстүр бойынша Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баратын зияратшылар алдымен Сайрамдағы Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне тәу етеді. Кейін Отырардағы Арыстан бабқа барып, содан соң ғана Түркістандағы Хазірет Сұлтан кесенесіне жол тартады.
Ибраһим ата ислам дінін насихаттаушы, сопылық ілімнің көрнекті өкілі ретінде белгілі. Аңыздарда оның мыңдаған шәкірт тәрбиелегені, халыққа білім мен имандылық жолын үйреткені айтылады. Кейінгі халық ауыз әдебиетінде ол жер өңдеуші, бағбан әрі еңбекқор жан ретінде де сипатталады.
Қарашаш ана кесенесі де ғасырлар бойы аналық мейірімнің, парасаттылықтың және рухани тазалықтың белгісі ретінде қадірленіп келеді. Сондықтан бұл жерлерге келушілер тарихи ескерткішті ғана емес, рухани мұраны да бірге сезінеді.
Қыдыр пайғамбар мұнарасы – аңыз бен тарих тоғысқан орын
Сайрамдағы ең көне әрі киелі орындардың бірі – Қыдыр пайғамбар мұнарасы. Бұл республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші 1982 жылдан бері мемлекет қорғауына алынған. Бұрын бұл мұнара Қыдыр пайғамбардың атымен аталған мешіт пен тарихи-мәдени кешеннің құрамында болған.
Аңыз бойынша, мешіттің жер асты бөлігіндегі шілдеханада Қыдыр пайғамбар ұзақ жылдар бойы оңашаланып, құлшылық жасаған. Сол себепті, бұл орын ғасырлар бойы сопылардың, дәруіштердің және зияратшылардың қасиетті мекені саналып келеді. Қыдыр пайғамбар халық танымында мәңгілік өмірдің, береке мен жаңарудың символы ретінде қабылданады. Сондықтан мұнара тек сәулет ескерткіші ғана емес, рухани мұраның ажырамас бөлігі болып есептеледі.
Соңғы жылдары Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана және Қыдыр пайғамбар мұнарасы аумақтарында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта республикалық маңызы бар Мірәлі баб және Әбдел-Әзіз баб кесенелерін қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар тарихи мұраны сақтап қана қоймай, туристер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Көне шаһардың сәулеттік келбетін сақтаған мешіт
Шымкенттің тарихи келбетін айшықтайтын нысандардың бірі – XIX ғасырдың 90-жылдары бой көтерген Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешіті. Ол қаланың ескі бөлігінде, Қошқар ата мен Қарасу өзендерінің аралығында орналасқан.
Кезінде бұл маң Шымкенттің ең қарбалас сауда орталығы болған. Мешіт айналасында базар орналасып, оған қарасты сауда дүкендері жұмыс істеген. Сондықтан діни ғимарат сол кезеңдегі қаланың әлеуметтік және экономикалық өмірімен тығыз байланыста болды.
Сәулет мамандарының пікірінше, мешіттің композициялық шешімінен Ташкент пен Ферғана сәулет мектептеріне тән белгілер анық байқалады. Қарапайымдылығы мен үйлесімді құрылымы оны бүгінге дейін тарихи келбетін сақтап қалған ерекше сәулет ескерткіштерінің қатарына қосады.
Этноауыл – ұлттық мәдениеттің жаңа тынысы
Шымкентте тарихи туризммен қатар этнотуризм де қарқынды дамып келеді. Соның жарқын мысалы – жаңа мәдени-туристік «Этноауыл» кешені.
Жеке инвестордың қаражатына салынған бұл жоба ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, қаланың туристік тартымдылығын арттыруды көздейді. Қазіргі таңда кешенде концерттік алаң, ұлттық тағамдар мейрамханасы, қолөнершілер павильондары мен кәдесый дүкендері жұмыс істейді.
Этноауылда суретшілердің көрмелері, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкелері, ұлттық ойындар, шығармашылық кездесулер, шеберлік сабақтары мен концерттік бағдарламалар тұрақты өткізіледі. Әр сенбі сайын қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени кештер ұйымдастырылып келеді.
Алдағы уақытта мұнда өңірдегі ең үлкен киіз үй салу жоспарланған. Бұл кешеннің тек демалыс орны ғана емес, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін және қолөнерін таныстыратын мәдени орталыққа айналуы көзделіп отыр.
Оқиғалық туризмді дамыту мақсатында өткізілетін «Дәмдәстүр» гастрономиялық фестивалі де көпшіліктің қызығушылығын арттыруда. Ұлттық және шығыс тағамдарын әзірлейтін ондаған қоғамдық тамақтану орны қатысатын фестивальде аспаздық шеберлік сабақтары, ұлттық өнер көрсетілімдері, концерттік бағдарламалар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар қалаға келетін туристердің санын арттырумен қатар, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
– Шымкент – тарихы терең, көне шаһар. Сондықтан қаламызда туристерге қолайлы жағдай жасалған деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, туристік инфрақұрылым жыл сайын дамып келеді. Қонақүйлер, мейрамханалар, шайханалар және басқа да қызмет көрсету нысандары туристердің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Соңғы үш-төрт жылдың ішінде гастротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Дәмдәстүр», «Street Food» сияқты гастрономиялық және оқиғалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ал биылдан бастап «Этноауыл» фестивалі қайта қолға алынды. Бұл жоба гастротуризмді ғана емес, этнофольклорлық туризмді дамытуға, ұлттық қолөнерді дәріптеуге және қазақ халқының мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Бүгінде Шымкенттің толыққанды туристік кластер ретінде қалыптасуына барлық мүмкіндік бар. Қалада тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру, сәулет ескерткіштерін қорғау мен сақтау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып келеді. Қаламызда жаңа нысандар бой көтерді. Солардың бірі – ерекше сәулетімен ерекшеленетін Ақмешіт мешіті. Сондай-ақ, 2024 жылы Сейітжан қари мешіті пайдалануға берілді. Бұл орындарға тек мұсылман қауымы ғана емес, өзге дін өкілдері мен шетелдік туристер де қызығушылық танытуда.
Жалпы, Шымкентте туризм қарқынды дамып келеді. Жыл сайын қалаға келетін туристер саны артып отыр. Бұған жаңа әуе терминалының ашылуы мен халықаралық рейстердің көбеюі де оң ықпал етуде. Еуропа мен Азия елдерінен келетін қонақтардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Әрине, туризмді дамыту ісі толық аяқталды деуге болмайды. Алда атқарылар жұмыс әлі де көп. Дегенмен, бүгінге дейін жүзеге асқан жобалар мен қолға алынған бастамалар бұл саланың алдағы уақытта да қарқынды дами түсетініне сенім ұялатады,- дейді Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының менеджері Гүлнара Кенжетайқызы.
Тарихи орындарды аралаған туристер де Шымкенттің өткен мен бүгінді сабақтастырған ерекше атмосферасын атап өтеді.
– Шымкентке алғаш рет келіп тұрмын. Ең алдымен «Шымқала» кешенін араладым. Археологиялық қазбаларды көріп, қаланың екі мың жылдан астам тарихы бар екенін естіп, ерекше әсер алдым. Кейін Сайрамдағы Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелеріне бардық. Бұл жерлердің тыныштығы мен рухани атмосферасы адамды бірден баурап алады. Этноауылда ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің жұмыстарын тамашаладық. Бір күннің ішінде Шымкенттің тарихын да, мәдениетін де, қазіргі тынысын да сезінгендей болдым. Мұндай сапарды әрбір қазақстандық кем дегенде бір рет жасап көруі керек деп ойлаймын,- деді саяхаты жайлы әсерімен бөліскен Айдана Сейітова.
Расында да, Шымкенттің тарихи орындары – өткеннің үнсіз куәгерлері ғана емес, бүгінгі ұрпаққа тағылым беретін құнды мұра. Көне қалашықтар, қасиетті кесенелер, сәулет ескерткіштері мен жаңа мәдени кеңістіктер бір-бірімен үйлесім тауып, қаланың туристік келбетін қалыптастырып отыр.
Келушілердің айтуынша, Шымкенттің тарихи орындарына жасалған саяхат ерекше әсер қалдырады. Әсіресе, «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніндегі археологиялық қазбалар мен көне шаһардың тарихы туристердің қызығушылығын оятады. Ал, Сайрамдағы Ибраһим ата, Қарашаш ана және Қыдыр пайғамбар мұнарасы рухани тыныштық сыйлайтын, тарих пен тағылымды қатар сезінуге мүмкіндік беретін қасиетті орындар ретінде бағаланады. Көпшілік экскурсиялардың бірнеше тілде жүргізілетінін, тарихи нысандардың қолжетімді әрі танымдық жағынан мазмұнды екенін ерекше атап өтеді. Сондай-ақ, Этноауыл кешенінде ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің туындыларымен танысу мен мәдени бағдарламаларды тамашалау Шымкентке жасалған сапардың есте қаларлық бөлігіне айналатынын айтады.
Тарихты таныту – тек турист тартудың жолы емес, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ сабақтастығын нығайтудың маңызды тетігі. Сондықтан тарихи ескерткіштерді қорғау, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және мәдени іс-шараларды дамыту алдағы уақытта да өз жалғасын табуы тиіс. Өйткені, көне Шымкенттің әрбір көшесі, әрбір кесенесі мен көне қамалы – халқымыздың бай тарихының ажырамас бөлшегі.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
«Шымкент келбеті» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары