Ел тарихында өз дәуірінің ауыртпалығын арқалап, маңдай терімен өндірісті өркендетуге, елдің тұрмысын жақсартуға және кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық із қалдыруға ғұмырын арнаған азаматтар бар. Солардың бірі – еңбек жолы өндіріс пен қоғамдық қызметке, елге қызмет етуге ұласқан Өркен Әбдірайымұлы Әбдіреев.
Шымкент қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Өркен Әбдірайымұлының балалық шағы ел басына күн туған соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі Әбдірайым Ұлтуғанов Жамбыл облыстық партия комитетінде бөлім бастығы болып еңбек етіп жүрген жерінен 1941 жылы өзі сұранып майданға аттанады. Әкесінен айырылған анасы Ұлтай Махамбетқызы баласы Өркенді ертіп, Шиеліде тұратын атасының қолына барып паналайды.
Болашағына сеніммен қараған зерек бала Шиелідегі қазақ орта мектебінде 3-сыныптан 8-сыныпқа дейін білім алады. Сабаққа деген ынтасы мен озат үлгерімі ерте жастан байқалады. Тіпті 4-сыныпта үздік оқығаны үшін БЛКЖО-ның 600 сом көлеміндегі сыйлығына ие болады.
Алайда соғыс жылдарындағы балалардың балалық шағы ұзаққа созылмады. 1943-1944 жылдары Өркен де еңбекке ерте араласады. Колхоздың астығын өгіз арбамен Бәйгеқұм стансасындағы қамбаға тасып, елмен бірге еңбек майданының бел ортасында жүреді. Сол кезеңдегі қиындықтар оның бойында еңбекқорлықты, жауапкершілікті және төзімділікті қалыптастырды.
1953 жылы Шымкенттегі Қ.Спатаев атындағы №7 мектепті өте жақсы бағамен тәмамдап, сол жылы Ташкенттегі тоқыма институтында оқып, инженер-технолог мамандығын алып шығады. Жас маман еңбек жолын Ильич ауданындағы мақта тазалау зауытында өндіріс меңгерушісі қызметінен бастайды. Өркен Әбдірайымұлының бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті өндірістегі қызметімен қатар қоғамдық жұмыста да айқын көрінеді. Зауытта өнертапқыштар ұйымын құрып, бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік етеді. Белсенділігі мен көшбасшылық қасиеті еленіп, партия қатарына қабылданады.
Жұмысшылардың әлеуметтік және мәдени өміріне де ерекше көңіл бөледі. Аудандық асхананы зауыт балансына өткізіп, оны жұмысшы жастардың бос уақытын тиімді өткізетін клубқа айналдыруға күш салады. Жаңа үрмелі аспаптар алдырып, оркестр ұйымдастырады. «Мақтаарал» совхозының жастарымен кездесулер өткізіп, жас буынның қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
1961 жылы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен Ильич аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Егемқұл Тасанбаевтың ұсынысымен Өркен Әбдірайымұлы Жетісай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сонымен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшесі және аудандық кеңестің депутаты қызметтерін атқарады.
1963 жылы Жетісай, Киров және Мақтаарал аудандары Өзбекстан құрамына беріліп, Сырдария облысы құрылған кезде облыстық комсомол комитетін қалыптастыруға арналған конференция өтеді. Сол жиында Өркен Әбдірайымұлы сөз сөйлеп тұрғанда Өзбекстан ЛКЖО-ның бірінші хатшысы Р.Абдуллаева оның сөзін бөліп, қазақ аудандарындағы мақта және жүгері бригадаларының жұмысына қатысты сын айтады. Жас басшы мәселенің нақты дерекке сүйенбегенін алға тартып, өзіне қойылған негізсіз сынға ашық түрде қарсылық білдіреді. Бұл сөздің соңы не болары белгісіз еді. Алайда, арада бірнеше апта өткен соң Мәскеуден қазақ аудандарының кадр мәселесіне араласпау туралы нұсқау келеді. Бұл, бір жағынан, жас кадрдың өз ұстанымын қорғағанын көрсетсе, екінші жағынан, оның кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетіне артылған сенімнің белгісі еді.
1964 жылы Өркен Әбдірайымұлы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Георгиевка былғары-кендір комбинатына директор болып тағайындалады. Ол кезде отызға да толмаған жас маманға өндіріс тізгінін ұстау үлкен жауапкершілік болатын. Жас басшы бұл міндетті абыроймен атқарып, кәсіпорынды он екі жылдан астам уақыт басқарады. Осы жылдары комбинаттың өндірістік жұмысы жүйеленіп қана қоймай, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарылады.
Ауыл тұрғындарын газ плиталарымен қамтамасыз ету, көшелерді көркейту, елді мекеннің қоғамдық орындарын абаттандыру секілді шаруалар назардан тыс қалмайды. Мәдениет үйінің жанына соғысқа аттанып, елге оралмаған азаматтардың есімдері жазылған ескерткіш орнатылады.
Кейін шикізат көзінің азаюына байланысты кәсіпорындағы жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесі туындайды. Өркен Әбдірайымұлы халықты жұмыспен қамту мақсатында Алматыдағы ер-тоқым өндіретін цехты Георгиевкадағы комбинатқа көшіреді. Осылайша өндіріс бағыты кеңейіп, республикадағы малшыларды қажетті ер-тоқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Өндірістегі табысты жұмыстың нәтижесінде комбинат бірнеше мәрте жоғары бағалауға ие болады. Кәсіпорын облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен, Қазақ КСР Компартиясы, Министрлер Кеңесі және Қазақ КСР Кәсіподақ кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. Комбинат ұжымы республика көлеміндегі еңбек жарыстарында тұрақты түрде жүлделі орындардан көрінеді. Ол зейнет демалысына шыққанға дейін Шымкент қаласындағы «Қаззатхлопкопром» мекемесінде мақта өнімдерін тарату бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Өркен Әбдірайымұлының еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен және кейін «Ленин» орденімен марапатталады.
Өркен Әбдірайымұлы жұбайы Ақсұлу Жаңабайқызымен бірге төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің барлығы жоғары білім алып, бүгінде әрқайсысы өз саласында еңбек етіп келеді. Еңбекпен шыңдалып, елге қызмет етуді өмірлік ұстаным еткен азамат үшін ұрпақ тәрбиесі де маңызды орын алды.
Бүгінде тоқсаннан асқан Өркен Әбдірайымұлы қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Өмірлік тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып келеді. Еңбегімен елге танылған, өнегесімен ұрпаққа жол көрсеткен Өркен Әбдірайымұлының ғибратты ғұмыры – кейінгі буынға аманат боларлық тағылымды тарих.
Мамырбек ҚҰДИЯР,
Шымкент қалалық мемлекеттік архиві архивтік құжаттарды пайдалану және жарыққа шығару бөлімінің қызметкері
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары