Балаларға базарлық: Қуыршақ театры кішкентайларды қуантты — Xnews — ақпарат агенттігі

Балаларға базарлық: Қуыршақ театры кішкентайларды қуантты

Бала күлкісі мен әуезді әнге ұласқан ерекше кеш. Шымкентте бүлдіршіндерге арналған мәдени шара ұйымдастырылып, ата-аналар да балаларымен бірге тамашалады. Ашық аспан астындағы кеште театр қойылымы көрсетіліп, көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлады. Бұл жолғы шараның ерекшелігі неде?

Бұл — ұйқыдан оянғысы келмей, спорттан жалтарып жүрген Қожаның хикаясы. Жаттығуға бармаудың сан түрлі амалын іздеген ол ақыры ел намысын қорғау үшін бокс додасына қатысады. Осылайша жалқаулықтың орнын жігер басып, Қожа спорттың маңызын түсіне бастайды.

Қойылым басталған сәттен-ақ кішкентай көрермендер Қожаның қызығына елітіп, оқиғаға етене араласты. Тіпті кейбірі кейіпкермен бірге жаттығу жасап, спортқа деген ынтасын көрсетті. Ал үлкендер балаларының қуанышын сырттай тамашалап қана қоймай, Қожаның қылығына күлімсіреп, өздерінің балалық шағына бір сәт саяхаттап қайтқандай әсер алды. Бұл Қойылымды төрт баласымен бірге тамашалаған Сандуғаш Қалыбай да кештен ерекше әсер алғанын айтады.

Сандуғаш Қалыбай, қала тұрғыны:
«Біз бүгін осы этноқалаға бірінші рет келіп тұрмыз. Өте қуаныштымын, баламмен келіп отырмын. Біздің келуімізге қарсы қуыршақ театры болған екен. Балалар да эмоциясын жасыра алмай жатыр. Қызықты. Қуаныштымыз осы қалада көркем орын ашылғанына. Көркейе берсін қаламыз. Өрлей берсін. Тек алға дейміз».

Бұл қойылым Оспанхан Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» шығармасының негізінде әзірленген. Туындының балаларға түсінікті әрі тәрбиелік мәні жоғары болуы, сондай-ақ бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғауы — оның таңдалуына себеп болған. Қожа бейнесі арқылы қуыршақ театрының ұжымы кішкентай көрермендерді еңбекқорлыққа, тәртіпке және спортпен айналысуға баулуды көздеген.

Мақпал Малдыбаева, қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
«Енді бүгін мынау қойылымға келу себебіміз, кішкентай жас көрермендерді жалқаулықты тастап, жақсы әдеттерге, спортқа баулу. Жалпы жаман әдеттерден аулақ,жақсы қасиеттерге баулу».

Айта кетейік, «Шымқала кештері» аясындағы мұндай мәдени шаралар жаз бойы әр демалыс сайын қаланың түрлі орындарында ұйымдастырылып келеді. Тұрғындар үшін бұл — отбасымен бірге уақыт өткізіп, мәдени демалысқа мүмкіндік беретін тегін кештер. Бұл жолғы шара Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне тұспа-тұс келгендіктен, кеш барысында сазгердің ел сүйіп тыңдайтын әндері де орындалды.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...