Абайды ұлықтаған әдеби кеш — Xnews — ақпарат агенттігі

Абайды ұлықтаған әдеби кеш

Ұлы ақынның мұрасы, ұлт руханиятының мәңгілік темірқазығы. Абайдың дана ойы мен тағылымға толы шығармаларын насихаттау мақсатында Шымкенттегі Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Абай сөзі – жүрекке жол» атты музыкалық әдеби кеші өтті. Тағылымды іс-шара ақынның туған күніне орай ұйымдастырылып отыр. Кешке Абай шығармаларын сүйіп оқитын жастар мен ересектер қатысты.

Үкілімай Исабек жастайынан Абай Құнанбайұлының шығармаларымен сусындап, ұлы ақынның өнегелі мұрасы арқылы білімін жетілдіріп, рухани кемелденіп келеді. Бүгінде кітапханашы қызметін атқарып жүрген жас маман Абай шығармаларын жас оқырмандар арасында кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, хакімнің әрбір өлеңі мен қара сөзі адамды ізгілікке, білімге, еңбекқорлыққа үндеп, өмірдің мәнін тереңірек түсінуге жетелейді.

Үкілімай Исабек, кітапханашы:
«Абайды кішкентай кезімнен бастап оқимын. Сол Абайды, Міржақыпты, Мағжанды оқу арқылы әдебиетке келдім деп айтсам болады. Абайды ең алғаш 3-4 сынптан бастап оқыдым. Қазіргі таңда Абайдың 25-30 жуық қара сөзін, 100 ге тарта өлеңін жатқа білемін. Абайды тану арқылы бүкіл қазақтың болмысын танимыз. Тарихымызды білеміз. Кешегімізге дұрыс сара жол саламыз».

Қатысушылар ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер келтірді. Сонымен қатар, Абай әндері шырқалып, оның шығармашылығының терең мазмұны мен тәрбиелік мәні кеңінен насихатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рухани кездесулер жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтады.

Сүндет Сейітов, «А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы» КММ-нің қызметкері:
«Біз Абайды тереңдетіп түсіндіру үшін, біз балалардың зейінін ашу керекпіз. Абайдың түрлі лирикалық өлеңдері бар. Түрлі табиғатқа, балаларға арналған өлеңдері, шығармалары бар. Әндері. Жалпы біз өскелең ұрпақты Абайдың әндері арқылы баурай аламыз. Осындай іс-шаралар арқылы біз Абайды түсінікті тілде түсіндірп келе жатырмыз».

Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әдеби-танымдық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Негізгі мақсат, жас ұрпақтың Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. Себебі хакімнің өлеңдері мен қара сөздері адамды ізгілік пен парасатқа үндейді. Сондықтан Абай мұрасы арқылы жастардың дүниетанымын кеңейтіп, рухани байлығы мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға мол мүмкіндік бар. Осындай тағылымды кездесулер ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұлы ақынның өнегелі мұрасын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға жол ашады.

© “Otyrar” телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...