Техникалық шарттарға өтінім қабылдау толықтай цифрлық форматқа көшті — Xnews — ақпарат агенттігі

Техникалық шарттарға өтінім қабылдау толықтай цифрлық форматқа көшті

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жүйелі реформалар аясында техникалық шарттарды алу тәртібіне маңызды өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 11 шілдеден бастап техникалық шарттарды беруге арналған өтінімдер тек электрондық форматта қабылданады. Осы күннен бастап қағаз түріндегі өтінімдерді қабылдау толықтай тоқтатылды.

Аталған жаңашылдық 2026 жылғы 9 қаңтардағы №254-VIII «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес күшіне енді.

Жаңа тәртіп азаматтар мен кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қызметтерді алуды барынша жеңілдетуге, адами факторды азайтуға, рәсімдердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Енді техникалық шарттарды алу бойынша өтінімдерді «Электрондық үкімет» веб-порталы (eGov.kz), eGov Mobile мобильді қосымшасы немесе мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық ақпараттық жүйесі – topolist.kz арқылы жолдауға болады.

Жаңа тәртіп мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін барынша оңтайландыруға, өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға, қағаз құжат айналымын азайтуға және қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл кәсіпкерлер мен азаматтарға техникалық шарттарды алу рәсімін кез келген жерден, кез келген уақытта онлайн форматта жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпкерлерін енгізілген өзгерістерді ескеріп, техникалық шарттарды алу бойынша барлық өтінімдерді тек электрондық сервистер арқылы рәсімдеуге шақырады.

Еске саламыз: қазіргі таңда техникалық шарттарды алу бойынша қағаз түріндегі өтінімдер қабылданбайды. Барлық өтінімдер тек онлайн форматта рәсімделеді.

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...