Шеру Mega Planet Shymkent ойын-сауық орталығында жалғасты — Xnews — ақпарат агенттігі

Шеру Mega Planet Shymkent ойын-сауық орталығында жалғасты

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында ұйымдастырылған «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты домбырашылар шеруі Mega Planet Shymkent ойын-сауық орталығында жалғасты.

Іс-шара барысында өнерпаздар халық күйлері мен ұлттық шығармаларды орындап, сауда-ойын-сауық орталығына келген тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Домбыраның әсем үні орталықты тербеп, келушілер ұлттық өнерді зор ықыласпен тамашалады.

Шеруге қатысушылардың қатарында кәсіби күйшілермен қатар жас домбырашылар да болды. Олар қазақтың дәстүрлі әндерін шырқап, күй өнерін насихаттап, ұлттық мәдениеттің құндылығын көпшілікке таныстыруға үлес қосты.

Көпшілік алдында өткен мәдени шараға келушілер қызығушылық танытып, өнерпаздардың орындауындағы әндерді ықыласпен тыңдады. Бірқатар тұрғындар домбырашылармен естелік суретке түсіп, әндерді қоса шырқады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты ұлттық өнерді кеңінен дәріптеу, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық мәдени мұраны насихаттау. Ұйымдастырылған мәдени бағдарламалар қала тұрғындарының мерекелік көңіл күйін көтеріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтады.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік бағдарламалар Шымкент қаласының бірнеше қоғамдық орындарда жалғасып жатыр.

Еске салсақ, Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл мейрамды руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсіну керек екенін айтты.

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра мерекесі жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген құрметін арттыратынына сенім білдірді.

– «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатынын және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы екенін атап өтті. Сондықтан, бұл ұлттық өнерді кеңірек насихаттауға шақырды.

– «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болатынын айтты.

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...