Сахна сыртындағы ерен еңбектің иелері — Xnews — ақпарат агенттігі

Сахна сыртындағы ерен еңбектің иелері

Сахна шымылдығы түрілген сәтте көрерменнің назары тек ондағы актерлер мен ұсынған көрініске ғана ауады. Бірақ, сол әсерлі көріністің артында көзге көріне бермейтін үлкен еңбек жатқанын бәрі біле бермейді. Әр қойылымның декорациясы, реквизиттері, сахналық безендірілуі мен костюмдерінің өз уақытында әзір болуы – театрдың қойылым бөлімінің тынымсыз жұмысының нәтижесі. Бұл – шығармашылық пен дәлдікті, жауапкершілік пен ұқыптылықты қатар талап ететін ерекше сала. Әдетте, біз әртістерден, режиссерлардан сұқбат алып, оларды оқырманға кеңінен таныстырып жатамыз. Ал, сахна сыртындағы ерен еңбектің иелері сырт қалып, жұмысы еленбей қалатыны рас. Театр өмірінің осындай бір маңызды қыры туралы білу үшін Шымкент қалалық опера және балет театрының көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі Қадыркүл Ділдәбекқызымен әңгімелескен едік.

– Театрдағы жалпы қойылым бөлімінің негізгі қызметі қандай? Бөлімнің көрермен көп біле бермейтін жұмыстары жайлы айтсаңыз…

– Театрдың көркемдік қойылым бөлімінің негізгі жұмысы – сахнадағы қойылымның техникалық әрі көркемдік тұрғыдан мінсіз өтуін қамтамасыз ету. Әсілінде, көрермен сахнадан тек дайын көріністі ғана көреді. Біз декорацияларды дайындаймыз, сахнаны безендіреміз, реквизиттерді орналастырамыз, әр көрініске қажетті заттардың уақытында сахнаға шығуын және қайта жиналуын қадағалаймыз. Оған қоса, сахна әртістерінің бет әрлеу, грим жасау және шаштарын түзеу жұмыстарын атқарамыз. Бір сөзбен айтқанда, режиссердің ойының сахнада толық жүзеге асуына жауаптымыз.

Сахна сыртындағы жұмыс ешқашан тоқтамайды. Қойылым басталмай тұрып та, қойылым жүріп жатқан кезде де, аяқталғаннан кейін де біздің ұжымның қарбалас тіршілігі жалғасып жатады. Әртістердің костюмдерін алдын ала дайындап қою, қажет кезінде бірнеше секундтың ішінде киімдерін ауыстыруға көмектесу, реквизиттердің дұрыс орналасуын бақылау, декорацияларды белгіленген уақытта алмастыру. Осының бәрі үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Көпшілік көрермен бұл еңбекті байқамауы мүмкін. Бірақ, сахнадағы әрбір ұсақ бөлшек өз орнында тұрса ғана қойылым әсерлі шығады. Сондықтан біз үшін тәртіп, ұқыптылық және уақытпен жұмыс істеу – ең басты қағида. Бір адамның кешігуі немесе қателігі бүкіл қойылымның ырғағына әсер етуі мүмкін.

– Жаңа спектакльді дайындау кезінде жұмыс неден басталады? Режиссердің идеясын сахнада жүзеге асыру процесі қалай жүреді?

– Жаңа қойылымды әзірлеу ең алдымен режиссердің шығармашылық тұжырымдамасынан басталады. Ол барлық бөлім мамандарын жинап, қойылымның мазмұны, оқиға желісі, сахналық шешімі туралы кеңінен баяндап береді. Сонымен бірге, қойылымның жоба макеті көрсетіліп, музыкалық сүйемелдеуі тыңдатылады. Бұл бізге алда қандай жұмыс күтіп тұрғанын түсінуге мүмкіндік береді.

Одан кейін әр бөлім өз бағыты бойынша жұмысқа кіріседі. Қандай декорациялар жасалады, қандай реквизиттер қажет болады, сахнаның қай тұсына не қойылады, қай сәтте қандай өзгерістер жасалады – мұның бәрі алдын ала жоспарланады. Әрбір деталь режиссердің идеясымен үндесіп тұруы тиіс.

Мұнда ұжымдық жұмыс өте маңызды. Режиссердің ойын суретші, дизайнер, тігіншілер, жарық және дыбыс режиссерлері, сахна машинистері бірлесе отырып жүзеге асырады. Әрқайсымыз өз міндетімізді орындасақ қана қойылым толыққанды дүниеге келеді. Сондықтан театрдағы әр премьера бірнеше адамның ортақ еңбегінің жемісі.

– Спектакль барысында қолданылатын реквизиттердің қауіпсіздігі мен сапасына қандай талаптар қойылады?

– Театрдағы реквизиттердің барлығы қауіпсіз жерде тұруы керек. Себебі, оларды әртістер күн сайын қолданады. Егер реквизит сапасыз немесе қандай да бір ақауы болса, ол қойылымның өтуіне ғана емес, әртістің денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін. Сол үшін әрбір зат қойылым алдында міндетті түрде тексеріледі.

Қойылым аяқталған соң барлық реквизит өз орнына жиналып, арнайы қаптамаларға салынып, қоймаға өткізіледі. Сақтау барысында да белгілі бір талаптар сақталады. Температурасы мен ылғалдылығы қалыпты болуы керек. Жауынды күні су өтпейтіндей, күн ыстықта терлемейтіндей орында тұруы керек. Кейбір бұйымдар ағаштан жасалса, енді бірі матадан немесе металдан дайындалады. Сондықтан әрқайсысына жеке күтім қажет.

Реквизиттердің ұзақ уақыт бойы бүлінбей сақталуы – біздің күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Өйткені, бір қойылым бірнеше жыл бойы репертуарда жүруі мүмкін. Сол уақыт ішінде барлық зат бастапқы қалпын сақтап тұруы қажет.

– Театр қорында декорация, костюм және реквизиттер өте көп шығар? Олардың барлығын талапқа сай сақтау мен күтіп ұстау да оңай емес шығар?

– Театр қорындағы қажеттіліктердің нақты санын айту қиын. Себебі, жыл сайын жаңа қойылымдар қосылып, жаңа костюмдер тігіліп, түрлі декорациялар жасалады. Жалпы қорымыз өте бай. Бір ғана операға, шамамен, 100–120 костюм тігіледі. Ал, бір қойылымға арналған декорациялардың саны 30-35 шамасында болады. Реквизиттердің өзі жүзден асады. Олардың арасында қарапайым тұрмыстық бұйымдар да, тарихи қару-жарақтар да, арнайы дайындалған сахналық заттар да бар. Әрбірінің сақталу ерекшелігі бөлек. Сондықтан оларды жүйелеп орналастыру, есепке алу, уақытында жөндеу және қайта пайдалануға дайындау оңай жұмыс емес.

Кейде бұрынғы қойылымдардағы кейбір реквизиттер мен костюмдер жаңа спектакльдерде қайта өңделіп пайдаланылады. Бірақ, ол үшін де оларды қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан театр қорын сақтау өз алдына үлкен әрі үздіксіз атқарылатын жұмыс.

– Кейбір қойылымдарда декорация бірнеше минуттың ішінде ауыстырылып жатады. Мұндай жұмыстарды ұйымдастырудың өзіндік құпиясы бар ма?

– Әрине, мұндай жұмыстар сырт көзге өте оңай көрінуі мүмкін. Бірақ, оның артында үлкен дайындық пен тәжірибе жатыр. Театрда декорацияларды тез ауыстыруға арналған арнайы сахналық механизмдер қолданылады. Сонымен қатар, жарықтың мүмкіндіктері де тиімді пайдаланылады. Көрерменнің назары алдыңғы пландағы кейіпкерлерге ауған кезде, сахнаның артқы бөлігінде декорациялар санаулы минуттар ішінде ауыстырылып жатады.

Оған қоса, бізде ЗТМ деп аталатын арнайы тәсіл қолданылады. Сол арқылы сахна белгілі бір уақытқа қараңғыланып, жоғарыдан түсетін немесе жылдам жиналатын декорациялар ауыстырылады. Бұл жұмыстар көрерменге қараңғылықта жүзеге асатындықтан байқалмай өтеді. Нәтижесінде қойылымның ырғағы бұзылмайды.

Мұндай сәттерде сахна сыртындағы қызметкерлердің үйлесімділігі мен шапшаңдығы маңызды. Әркім өз міндетін нақты біледі. Себебі, бір ғана кешігу немесе бір ғана қате әрекет бүкіл қойылымның әсеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан біз әр қойылым алдында осындай ауысуларды қайта-қайта пысықтап, дайындық жүргіземіз.

– Көрермен спектакльді тамашалағанда көбіне актерлерді ғана көреді. Ал, сахна сыртындағы ұжым еңбегінің бағалануы қалай?

– Иә, көрермен театрға келгенде ең алдымен әртістердің өнерін тамашалайды. Әсерлі ән, сәтті актерлік ойын, әдемі костюм мен көз тартатын декорацияны көреді. Бірақ, сол көріністің мінсіз шығуы үшін сахна сыртында қаншама адамның еңбек етіп жатқанын көпшілік біле бермейді. Өйткені, біздің жұмысымыздың ерекшелігі де сол. Көрермен бізді көрмегенімен, біздің атқарған жұмысымыздың толыққанды нәтижесін көреді.

Қойылым басталған сәттен бастап сахна сыртында бір сәтке де тыныштық болмайды. Бір жерде декорация ауыстырылып жатса, екінші жерде реквизит әзірленеді, енді бір жерде әртістің костюмі ауыстырылып жатады. Мұның бәрі санаулы секундтардың ішінде жүзеге асады. Егер осы жұмыстардың біреуі кешіксе немесе дұрыс орындалмаса, қойылымның тұтас ырғағына әсер етеді. Сондықтан сахна сыртындағы әр қызметкердің жауапкершілігі өте жоғары.

Әрине, кез келген адам өзінің еңбегі бағаланғанын қалайды. Көрермен қойылымнан алған әсерін айтып, декорацияға немесе сахналық көрініске сүйсініп жатса, соның өзі біз үшін үлкен қуаныш. Театр басшылығы да сондай сәтте еңбегімізді ескеріп, соған лайықты сыйақы беріп тұрады. Дегенмен, сахна сыртындағы қызметкерлердің еңбегі туралы қоғам көбірек білсе екен деген тілегіміз де жоқ емес. Өйткені, бір қойылымның табысты шығуы тек актерлердің ғана емес, бүкіл театр ұжымының ортақ еңбегі.

– Кейіпкерлердің костюмдері қалай таңдалады? Бұл процесте режиссермен және суретшімен бірлескен жұмыс қалай жүреді?

– Қойылымдағы әрбір костюм кездейсоқ таңдалмайды. Оның артында үлкен шығармашылық жұмыс жатыр. Әр спектакльдің өз режиссері, суретшісі және костюм дизайнері болады. Олар қойылым басталмай тұрып бірнеше рет бас қосып, әр кейіпкердің сыртқы келбетін, мінезін, жас ерекшелігін, тарихи кезеңін бірге талқылайды.

Сонымен қатар, кейіпкердің спектакль барысында қанша рет киім ауыстыратыны, әр көріністе қандай түстер мен пішіндер қолданылатыны да алдын ала жоспарланады. Барлық шешім режиссердің шығармашылық тұжырымдамасына негізделеді.

Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін дизайнерлер эскиздер әзірлейді. Ал, біздің тігін цехының мамандары сол жобаларды өмірге әкеледі. Кейде бір костюмді дайындауға бірнеше апта уақыт кетеді. Өйткені, оның сыртқы сұлулығымен қатар, актерге ыңғайлы болуы да міндетті түрде ескеріледі.

– Кейіпкердің мінезі мен болмысын киім арқылы ашу қаншалықты маңызды? Костюм таңдауда қандай қағидаларды ұстанасыздар?

– Театрдағы костюм – кейіпкердің ажырамас бөлігі. Көрермен кейіпкердің кім екенін, қай заманның адамы екенін немесе оның қоғамдағы орнын алғаш костюмінен-ақ аңғарады. Сондықтан киім арқылы кейіпкердің мінезі, болмысы, тіпті, ішкі жан дүниесі де көрініс табуы тиіс.

Костюм таңдауда, ең алдымен, тарихи шынайылық пен қойылымның көркемдік шешімі ескеріледі. Сонымен бірге, түстердің үйлесімі, матаның сапасы, ұлттық ерекшеліктер мен дәуірдің сән үлгісі де назардан тыс қалмайды.

Бұған қоса, костюм актердің сахнада еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі керек. Өйткені, опера мен балетте орындаушылар көп қимылдайды. Сондықтан әдемілік пен қолайлылық қатар үйлесуі де маңызды.

– Кейіпкерлердің образын толық ашу үшін костюмнен бөлек қандай сахналық детальдарға ерекше мән беріледі?

– Образ ашуда костюмнің орны ерекше. Дегенмен, оның өзі ғана толық әсер бере алмайды. Сахналық кеңістік, декорация, жарық, реквизиттердің барлығы бір-бірімен үйлескенде ғана көрермен қойылымның атмосферасын толық сезінеді.

Мәселен, үстел, орындық, айна-тарақ, кітап, ыдыс-аяқ, қару-жарақ немесе басқа да ұсақ заттардың өзі кейіпкердің өмір сүріп жатқан ортасын көрсетеді. Кейде дәл сондай кішкентай ғана бөлшек қойылымның шынайылығын арттырып тұрады.

Сондықтан біз сахнаға шығатын әрбір затқа ерекше мән береміз. Оның орналасуы, қолданылуы, сыртқы келбеті, барлығы алдын ала ойластырылып, режиссердің талабына сай дайындалады.

– Өзіңіз ерекше мақтан тұтатын немесе әзірлеуге көп еңбек сіңген костюмдер мен образдар қай қойылымда болды?

– Біз үшін орны ерекше қойылымдардың бірі – «Домалақ ана» операсы. Бұл спектакль театр директоры, ҚР Халық әртісі Майра Мұхамедқызының бастамасымен дүниеге келді. Қойылымның ерекшелігі – бұған дейін еліміздің ешбір театрында сахналанбаған жаңа туынды болды.

Сол себепті, барлық декорациялар, реквизиттер мен костюмдер нөлден бастап жасалды. Әрбір бұйымға үлкен жауапкершілікпен қарап, ұзақ уақыт дайындалдық. Бұл жұмысқа аянбай атсалысқан Ресейден арнайы шақырылған қоюшы-режиссер Михаил Панджавидзе, либреттосын жазған ҚР еңбек сіңірген белгілі театр қайраткері Асхат Маемиров және қойылым композиторы Мәдениет саласының үздігі Тасқын Жармұқамет қоюшы-дирижер Мәди Өмірзақов, суретші Бақыт Күзембаев сынды өнер қайраткерлерінің еңбектері орасан зор. Осындай үлкен шығармашылық топпен жұмыс істеу біз үшін зор тәжірибе болды.

Сондықтан «Домалақ ананы» өзіміздің төл туындымыздай көреміз. Оның сахнаға сәтті жол тартуы – бүкіл театр ұжымының ортақ жетістігі деп есептеймін.

– Жас мамандардың театрдың қойылым бөліміне қызығушылығы қандай? Бұл салада еңбек еткісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда жастардың бұл салаға қызығушылығы аса жоғары деп айта алмаймын. Оның басты себептерінің бірі – еңбекақы мәселесі. Театрдағы көптеген техникалық және өндірістік мамандықтардың жалақысы жоғары емес. Сондықтан жастар көбіне басқа салаларды таңдап жатады.

Дегенмен, театрда кәсіби мамандарға сұраныс әрқашан бар. Әсіресе, тігін цехына тәжірибелі тігіншілер, декорация бөлімінің суретшілері, жарық қоюшы мамандар, дыбыс операторлары сияқты кәсіби кадрлар қажет. Осындай мамандардың еңбегі театр үшін өте маңызды.

Бұл салаға келемін деген жастарға айтарым – ең алдымен театрды жақсы көру керек. Себебі, бұл жерде тек жұмыс істеп қана қоймайсың, өнердің бір бөлшегіне айналасың. Театр адамнан төзімділікті, жауапкершілікті, ұқыптылықты талап етеді. Егер осы қасиеттер болса, бұл мамандықтың да өз қызығы мен рухани ләззаты мол.

– Сахна сыртында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келесіз. Осы уақыт ішінде өзіңіз үшін не түйдіңіз? Театрға келген көрерменге не айтар едіңіз?

– Театр маған, ең алдымен, жауапкершілікті үйретті. Бұл жерде әр адамның еңбегі маңызды. Сондықтан біз әрқашан бір ұжым болып жұмыс істейміз. Көрерменнің риза болып, жақсы әсермен қайтуы – біз үшін ең үлкен марапат. Олар сахна сыртында қанша адамның еңбек еткенін көрмесе де, сол еңбектің нәтижесін сезінеді. Театрдың құдіреті де осында деп ойлаймын.

Көрерменнің театрға деген ықыласы бізге күш береді. Әр қойылымның артында көзге көрінбейтін үлкен еңбектің жатқанын ұмытпаса екен дейміз. Сахнадағы әрбір көрініс, әрбір костюм, әрбір декорация мен реквизит – көптеген маманның маңдай терінің нәтижесі. Сондықтан театрға келіп, өнерді бағалайтын әрбір көрерменге айтар алғысымыз шексіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Э.ЕСХОЖАЕВА
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...