Мемлекет басшысы құттықтауында Тұңғыш Президенттің заманауи қазақ мемлекеттілігінің негізін қалау, Қазақстан Республикасын құру, еліміздің экономикалық әлеуетін нығайту және халықаралық аренадағы орны мен беделін бекемдеу жолындағы тарихи миссиясын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Астанаға көшіру туралы шешімінің маңызы айрықша екеніне тоқталды.
– Елорданың Сарыарқа төсіне көшірілуі Қазақстанның жан-жақты өркендеуіне тың серпін берді. Бүгінде Астана қарыштап дамып, әлемдегі көрікті шаһардың біріне айналып келеді, – делінген құттықтауда.
Мемлекет басшысы Тұңғыш Президентке мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тіледі.
Еске салайық, 6 шілде – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Ол 1940 жылы Алматы облысының (қазіргі Алматы облысы Қарасай ауданы) Шамалған ауылында дүниеге келген. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы президенті ретінде елді шамамен үш онжылдық басқарды.
Кеше, Назарбаевтың бастамасымен салынған елдегі бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілді. Діни басқармада республикалық Бас мешіт елорданың ғана емес, барша Қазақстан мұсылман жамағатының ортақ рухани ордасы екенін атап өтті.
“Мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ имандылық пен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етіп келеді. Жаңа атаумен республикалық Бас мешіт алдағы уақытта да халқымыздың рухани өміріне қызмет етіп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және игі бастамаларды дамытуға үлес қоса береді”, – делінген хабарламада.
Нысан 2022 жылдың тамызында қолданысқа берілді. Бұл – Қазақстандағы және жалпы Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. Негізгі ғимаратта бір мезетте 30 мың адамға дейін намаз оқи алады. Ал іргелес аумағын қоса есептегенде, мешіт 120 мыңға дейін келушіні қабылдауға қауқарлы.
Төрт мұнарасының биіктігі 130 метрге жетеді. Ал басты күмбезінің биіктігі шамамен 90 метр, диаметрі 62 метр.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары