Домбыра үніне билейтін ортеке — Xnews — ақпарат агенттігі

Домбыра үніне билейтін ортеке

Елімізде биыл 7 шілдеде алғаш рет Қолөнершілер күні аталып өтті. Кәсіби мерекелер күнтізбесіне былтыр енгізілген бұл күн – ұлттық қолөнердің қоғамдағы орнын айқындап, ғасырлар бойғы жалғасқан шеберлік дәстүрін жаңғырту, құрметтеуді мақсат тұтып отыр. ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, мемлекеттік және қоғамдық бастамалардың арқасында жаңа тыныс алып келе жатқан қазақтың дәстүрлі қолөнеріне осылайша маңыз берілуде.

Айта кетейік, былтыр тамыз айында Қазақстандағы кәсіби мерекелер тізбесі толықтырылды. Оған бірқатар жаңа атаулы күн қосылды. Яғни, 7 шілде – Қолөнершілер күні, 9 шілде – Табиғи монополиялар саласы қызметкерлері күні, 15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызметкерлер күні, 20 қазан – Қоғамдық тамақтану саласы қызметкері күні, ал 29 қазан – Қазақстан кәсіпкерлері күні болып белгіленді.

Биік таулар мен құзар шыңдарда еркін орғитын ортекені халық «таутеке» деп те атайды. Сыртқы тұрқы ешкіге ұқсағанымен, оның табиғат берген ерекшеліктері көп. Семсердей иірілген айбынды мүйізі қорғанатын сенімді қаруы болса, айыр тұяғы тік жартастарда да жылдамдығы мен ептілігіне көз ілестірмейді. Сондықтан, ортеке адам аяғы сирек басатын асқар шыңдардың сәні саналады.

Тау тағысының осы ерекше болмысы қазақ халқының ұлттық өнерінен де көрініс тапқан. Ерте кезден-ақ халық шеберлері ортекенің ағаштан мүсінін жасап, оны домбыра үніне қарай қозғалатын ерекше өнер түріне айналдырған. Бұл тәсіл, әсіресе, балаларды күй өнеріне қызықтырып, домбыра үйренуге ынталандыру мақсатында кеңінен қолданылған. Әуен ырғағына ілесе билеген «ортеке» көрерменнің көңілін бірден өзіне аударып, күйдің мазмұнын әсерлі жеткізетін көркем құралға айналған.

Өкінішке қарай, уақыт өте келе бұл көне өнер түрі көпшілік назарынан тыс қалып, сирек насихаттала бастады. Дегенмен, арамызда оған қайта жан бітіріп жүрген жандар бар. Солардың бірі – шымкенттік шебер Жәнібек Әмірбеков.

«Қазір де ортеке жасау өнеріне деген қызығушылық жоқ емес. Тек оны дәріптеп, кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыра білуіміз керек», – деп бастады әңгімесін біз арнайы іздеп барған шебер.

Содан кейін ол өзі жасаған ортекені арнайы дайындалған тұғырға орналастырып, жіңішке жіптерді саусақтарына байлады. Артынша домбырасын қолына алып, күй шертуді бастады. Сол сәтте ағаштан жасалған шағын теке әуеннің ырғағына ілесіп, тірі жануардай секіріп, билей жөнелді. Тұяғының тақылдап шыққан үні күйдің әуезімен үйлесіп, ерекше әсер сыйлады. Сырттай қарағанда қарапайым көрінетін бұл өнердің астарында үлкен шеберлік, дәлдік пен үйлесімді қимыл жатыр. Ортекені ойнату үшін орындаушы бір мезетте домбыраны шебер тартып қана қоймай, саусақтарының қимылын да дәл үйлестіре білуі қажет екенін аңғардық.

Жәнібек Әмірбеков – Шымкент қаласындағы «Парасат» жалпы орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Ағаш өңдеуді жанына серік еткен ұстаздың қолынан түрлі ұлттық бұйымдар мен қолөнер туындылары дүниеге келеді. Дегенмен, оның ортеке жасау өнеріне келуі алдын ала жоспарланған емес.

– Біздің мектепте музыка үйірмесі бар. Бір күні осы үйірменің жетекшісі Гүлжайна апай ортекенің мүсіні қажет екенін айтып, маған «оны ағаштан жасап бере аласыз ба?» деп өтінді. Бұған дейін ортекенің қуыршақ үлгісі туралы үстірт қана білетінмін. Сол өтініштен кейін бұл өнердің тарихын іздеп, көптеген материалдармен таныстым. Зерттей келе ортекенің қуыршақ үлгісінің ұлттық мәдениетіміздегі орны ерекше екенін түсіндім. Сөйтіп, алғашқы ортекемді жасап көрдім, – дейді шебер.

Жәнібек Әмірбеков ортекені қолдан ойып, оның қимыл-қозғалысын, дене тепе-теңдігін, домбыра ырғағына дәл икемделуін жіті есептейді. Шебердің айтуынша, мұндай сапалы дүние жасау үшін ағашты дұрыс таңдау ғана емес, оның әр бөлшегін асқан ұқыптылықпен өңдеу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олар өзара үйлесім таппаса, ортеке билемейді. Сондықтан, мұнда әрбір миллиметрдің өзіндік маңызы бар деуге болады.

Қуыршақ жасауда тепе-теңдікті сақтауға да ерекше мән беріледі. Яғни, ортекенің бауырынан өткізілетін жіңішке сым тұғырдың дәл ортасына орналасып, салмақты біркелкі ұстап тұруы қажет. Егер тепе-теңдік сәл ғана бұзылса, қуыршақ жан-жаққа ауытқып кетеді.

Жәнібек Әмірбеков ортекенің басы мен аяқтарын жасау ең күрделі кезеңдердің бірі екенін айтады. Басының өзіне бір күн жұмсалады. Ал, аяқтарына екі күн кетеді. Төрт аяқ екіге бөлінеді, сонда барлығы сегіз деталь шығады. Олардың әрқайсысы дәл өлшеммен жасалмаса, ортеке билемейді. Ортекенің күй ырғағына сай қозғалып, табиғи бейне көрсетуі, міне, осындай ыждағатпен еңбек еткенге ғана туады.

– Ортекедегі қозғалыс механизмінің барлығы қолмен жасалады. Әр бөлшек бір-бірімен бірнеше мәрте салыстырылып, қайта-қайта тексеріледі. Кейде бір ғана буынның қозғалысын жетілдіру үшін қуыршақты толықтай қайта бөлшектеп шығуға тура келетін кездер болады. Егер қимыл барысында кедергі байқалса, себеп анықталғанша осындай жұмыс істелінеді.

Ортеке жасауға көбіне қарағай мен емен сияқты өңдеуге қолайлы ағаш түрлерін таңдаймын. Олар уақыт өте келе жарылып кетпейді, салмағы жеңіл әрі оюға, тегістеуге және бояуға өте ыңғайлы, – дейді шебер.

Ортеке өнері негізінен шағын ортада, яғни ұлттық мәдени іс-шараларда, музейлерде, мектептерде немесе этнофестивальдерде көрсетілгенде өзінің шынайы әсерін береді. Көрермен домбыра үніне ілесіп билеген ағаш текені жақыннан тамашалап, шебердің саусақ қимылын бақылағанда бұл өнердің өзгеше табиғатын тереңірек сезіне түседі.

Жәнібек Әмірбековтің айтуынша, соңғы жылдары жастардың бұл өнерге деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді. Әсіресе, музыка пәні мұғалімдері бұл ұлттық мұраны сабақ барысында қолдана бастағаннан кейін оқушылардың домбыраға да, дәстүрлі өнерге де ынтасы күшейген. Бүгінде шеберге еліміздің әр өңірінен хабарласып, ағаштан ортеке жасауды үйретуді немесе дайын қуыршаққа тапсырыс беруді қалайтындардың қатары көбейіп келеді.

– Ортеке жасауда дәстүрлі үлгіні барынша сақтауға тырысамын. Әрине, заман талабына сай кейбір материалдар өзгереді. Бұрын жіңішке жіптер пайдаланылса, қазір кейбір бөлшектерді бекіту үшін арнайы желім қолданамыз. Бірақ, ортекенің негізгі болмысы, қимыл-қозғалысы, күймен үндескен философиясы ешқашан өзгермеуі керек. Өйткені, ол – жай ғана билейтін қуыршақ емес, халқымыздың өнері мен дүниетанымын бейнелейтін мәдени мұра.

Қазіргі таңда бір текелі және екі текелі ортекелерді жасаудамын. Бірнеше ортекені қатар билетудің өзіндік қиындығы бар. Әр қуыршақ бір-біріне кедергі келтірмей қозғалып, күйдің ырғағына үйлесімді ілесуі тиіс. Мұндай композиция ұлттық өнердің көркемдік мүмкіндігін кеңейте түседі. Алдағы уақытта сегіз ортекеден тұратын үлкен композиция жасауды мақсат етіп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.

Ол, бұйыртса, бұл өнерді шетелдік көрермендерге де таныстыруды көздейді. Айтпақшы, жақында Орталық Еуропаның оңтүстігінде орналасқан Словения елінің Vamari есімді азаматы интернет арқылы хабарласып, арнайы тапсырыс беріпті. Шебер оның өтініші бойынша, ортекені домбыраға емес, гитара әуеніне билейтіндей етіп жасаған. «Ортекені тек домбырада ғана емес, барлық ішекті музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ойнатуға болады», – дейді.

Ортекенің қазақ халқының шеберлігі мен даналығын айшықтайтын бірегей өнер туындысы және оның нақты қай кезеңде пайда болғаны туралы деректер сақталмағанымен, ұлттық қуыршақ өнерінің бастауында тұрған дүние екендігі даусыз. Белгілі ғалым Ахмет Жұбановтың «Ортеке – қазақ қуыршақ өнерінің бастауы» деген пікірі де осыған саяды. Ғасырлар қойнауынан жеткен осындай құндылықтың бүгінгі күні қайта жаңғырып, жас ұрпақтың қызығушылығын тудырып отырғаны көңіл қуантады.

Жәнібек Әмірбековтің шығармашылығы тек ортекемен шектелмейді. Ол тайтұяқ, аса таяқ, тоқылдақ сияқты көне ұлттық музыкалық аспаптарды да жасайды. Алғашында бұл бұйымдар мектептегі музыка үйірмелерінің сұранысымен әзірлесе, кейін әлеуметтік желілер арқылы кеңінен танылып, еліміздің әр аймағынан тапсырыстар түсе бастаған.

– Елімізде домбыра мен қобыз жасайтын шеберлер көп. Ал, тайтұяқ, аса таяқ, тоқылдақ сияқты ұлттық аспаптарды дайындайтындар өте аз. Қазір бұл бұйымдарға сұраныс көбейіп келеді. Ата-бабамыздан қалған осындай асыл мұраларды қайта жаңғыртуға өз үлесімді қосып жүргенімді мақтаныш етемін, – дейді шебер.

Мақаламыздың соңында айта кетейікші, біз кейіпкеріміздің шеберханасына барған сәтте оның ағаш жонып емес, қылқалам ұстап отырған сәтінің куәсі болдық. Жәнібек Әмірбеков – ағашқа жан бітірген шебер ғана емес, кенепке бояу дарытқан кәсіби суретші де. Ол Батырбек Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатын тәмамдап, кейін суретші мамандығы бойынша жоғары білім алған. Бүгінде ұлттық қолөнермен қатар кескіндеме саласында да табысты еңбек етіп, ірі құрылыс компаниялары тұрғызған бизнес-класс санатындағы тұрғын-үй кешендерінің интерьеріне арналған көркем туындылар салуда.

Дилара БИМЕНОВА,
«Шымкент келбеті» газеті

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...