Шымқала логистикасына серпін берер жаңа орталық — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымқала логистикасына серпін берер жаңа орталық

Шымкентте сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды жоба іске қосылды. Қаланың Тассай елді мекенінен заманауи талаптарға сай бой көтерген FOOD CITY көтерме сауда орталығы өз жұмысын бастады. Көкөніс пен жеміс-жидек саудасын жүйелеп қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа кешен алдағы уақытта мегаполистегі ірі логистикалық орталықтардың біріне айналмақ.

Жаңа сауда орталығының ашылуына қатысқан Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаевтың айтуынша бұл кешен тек кәсіпкерлер үшін емес, қарапайым тұтынушылар үшін де маңызды жаңалық, қолайлы сауда орталығы болмақ. Салтанатты шараға кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, белгілі спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында көпшілікке ақ дастархан жайылып, құдайы ас берілді.

30 жылдан бері сауда саласында тәжірибе жинаған кәсіпкер, FOOD CITY базарының құрылтайшысы Сәбира Орманова жаңа жобаның басты мақсаты – сауда жүйесін реттеп, халыққа сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну екенін айтады.

– Біз бұл базарды тек сауда орны ретінде емес, өңірдің азық-түлік айналымын жеңілдететін үлкен логистикалық орталық ретінде қалыптастырғымыз келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келетін көкөніс, жеміс-жидекпен қатар, отандық азық-түлік өнімдері де осында көтерме бағамен саудаланады. Тұтынушы күнделікті қажет өнімнің барлығын бір жерден таба алады. Ең бастысы – сапа мен қолжетімділікке басымдық беріп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Расымен, жаңа базардың мүмкіндігі аз емес. Сауда орталығы аумағында өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толық сақталған. Заманауи инфрақұрылыммен қамтылған кешенде 450 көлікке арналған автотұрақ қарастырылса, 280-ге жуық жүк көлігінің еркін кіріп-шығуына жағдай жасалған арнайы қоймалар бар. Сонымен қатар, тауарларды ұзақ мерзім сақтауға арналған тоңазытқыш камералары халықаралық талаптарға сай жабдықталған.

Базар директоры Ғабит Айсекеновтің сөзінше, сауда орталығының басты ерекшелігі – оның логистикалық әлеуетінде.

– Бұл жай ғана базар емес, үлкен сауда хабы. Жалпы аумағы 15 гектарды алып жатқан орталыққа үш теміржол торабы жалғанған. Бұл алыс-жақын өңірлерден, тіпті шетелден келетін тауарларды жылдам әрі тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер үшін барлық жағдайды жасауды көздеп отырмыз, – дейді ол.

Жаңа нысанның әлеуметтік маңызы да ерекше. Мұнда жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылып, шағын кәсіп иелеріне қолдау көрсетілмек.

– Бүгінде біз 800 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасап отырмыз. Сауда жасаймын деген азаматтарға 300 сауда орнын ұсынамыз. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген 20 отбасы үшін тегін сауда орындарын қарастырдық. Оның үстіне, кәсіпкерлердің аяққа тұрып кетуі үшін алғашқы үш айда ешқандай төлем алмаймыз. Бұл сауда жасап, табыс табамын деген жандарға үлкен қолдау, – дейді Ғабит Айсекенов.

Шымкентте соңғы жылдары азық-түлік бағасын тұрақтандыру, сауда жүйесін оңтайландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы тұрғыдан алғанда FOOD CITY сауда орталығы нарықтағы делдалдықты азайтып, өнімнің тұтынушыға тиімді бағамен жетуіне ықпал етуі мүмкін.

Салтанатты шара соңы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетіп, жиналған жұртшылыққа ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Базардан дәл бүгін 10 теңгеге сауда жасаған тұтынушылар арасында лоторея ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді.

«Шымкент Келбеті«

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...