Шымкенттің аспанын апта сайын ән тербейді — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкенттің аспанын апта сайын ән тербейді

Бүгін де «Шымсити» саябағына шымкенттік өнерпаздардың өнерін тамашалауға жақын маңдағы шағын аудан тұрғындары тайлы-тұяғымен жиналды. Қалын көрермен арасында қала қонақтары да аз емес. Дәстүрден жаңылмай апта сайын, шаһардың саябақтарында көпшілікке тегін «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасының ұсынылып келе жатқанына биыл үшінші жыл.

Шымкенттіктер сенбі, жексенбі күндері ашық аспан астындағы көңілді кешке жиналуды әдетке айналдырды. «Шымситидегі» сахнада бүгін оларға «Шымкент концерт» концерттік ұйымының ұжымы өз өнерін паш етті.

Кешті Нұрым Досболов жүргізді. Концерттік бағдарлама шымылдығын Байкен Құрманалиевтің орындауындағы «Қазақ елі» әні түріп, тыңдарманның көкейінде туған елге деген мақтаныш сезімін оятты. Оның орындауындағы «Сені қалай ұмытайын» туындысы көрермен жүрегіне нәзік сағыныш сыйлады. Халық әндерінің мәйегін келістіре орындаған Гүлзина Шорабекова «Гүл-гүл жайна», «Сәулем, сәулем сәулемсің» әндері арқылы ұлттық ән өнерінің шексіз байлығын паш етті.

Ал Берік Сексенбекұлы өзінің «Жаса, Қазақ елі» мен «Шымкент қайырымды қала» әндерін шырқап, көрерменнің көзайымына айналды. Меруерт Бұхардин орындаған «Бұл өмірде» мен «Кездесу мен қоштасу» әндері тыңдарманды сырлы сезімге бөлесе, Асет Әбу шырқаған «Қазақ жігіттері» мен «Достар ай» шығармалары достық пен азаматтық рухты дәріптеді.

Өнерсүйер қауым Бота Әлімханның «Қазақ елі» мен «Сенсің» әндерін ерекше ықыласпен қабылдады. Саят Сұлтанбектің орындауындағы көңілді ырғаққа толы «Қыздар, қыздар» және «Любите девушки» әндері кештің шырайын кіргізіп, көрерменді серпілтіп тастады. Жалғас Әпеннің «Мен де бір Қазақпын» әні елдік рухты биіктетсе, «Қалай» туындысы жүректерге ой салды. Ал Айгерім Тәжінің орындауындағы «Тамаша менің жағдайым» және «Кездесерміз біз әлі» әндері көпшілік көңілін ерекше әсерге бөледі.

Кештің шарықтау сәті Жандос Әшірбектің орындауындағы «Тау ішінде» мен «Тырналар» әндерімен жалғасып, сахнадағы әсерлі атмосфераны тереңдете түсті. Бағдарламаның қорытынды нүктесін Дінмұханбет Абиханның «Күйім» және «Мен деп ойла» туындылары қойып, кеш көрермен жадында әсем әсер қалдырды.

«Шымқала кештері» — қала тұрғындарын мәдениет пен өнер арқылы жақындастыратын, ұлттық ән өнерін ұлықтайтын, көңілге қуаныш сыйлайтын рухани алаңға айналды. Шымкенттің шырайлы кештерінде әсем әнге сусындап, өнердің жылуын сезінгісі келетіндер уақыт өткен сайын көбейіп келеді.

Бүгін күн ұясына қонып, кеш шапағы саябаққа жұмсақ реңк төккен сәтте дәл осындай концерттік бағдарлама Абай саябағында да көпшілікке ұсынылды. Мұнда көпшілікке Шымкент қуыршақ тетарының әртістері өнер көрсетті. Театрландырған әдеби көркем қойылым іспетті болған концерттік бағдарлама көпшілікке ұнады. Төңіректегі көп қабатты үй тұрғындары әуелеген әсем әуен ырғағын ести сала саябаққа жиналып жатты. Көңіл көкжиегін әсерлі концертпен кеңейткен көпшілік үшін ертең де Шымкентте концерттер қойылады.

Ертеңгі концерттер А. Асқаров атындағы Дендросаябақта Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының өнерпаздарымен өрілмек. Ал, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері Тәуелсіздік саябағында, Шымкент циркінің өнерпаздары Орталық саябақта өнер көрсетеді.

«Шымкент келбеті»

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...