Шымкент қаласында санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кенелерге, масаларға, кеміргіштерге және шегірткелерге қарсы кешенді өңдеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Базарбеков Қайрат Мейрханұлы айтты.
Жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде жүргізілетін кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары биыл да жоспарға сай жүзеге асырылды. Алғашқы кезең 26 наурыз бен 25 мамыр аралығында толық аяқталып, 152 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары өңделді. Сонымен қатар 4,6 миллион шаршы метрден астам қора-жайлар, саябақтар мен гүлзарлар аумағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға арнайы техникамен жабдықталған 6 бригада және 18 маман тартылды.
Биылғы бес айда қалада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы тіркелмеген. Дегенмен кене шағу жағдайымен 475 адам медициналық көмекке жүгінген. Мамандардың мәліметінше, олардың басым бөлігі басқа өңірлерде мал шаруашылығымен айналысу немесе демалыс кезінде кене шағуына ұшыраған.
Қалада масаларға қарсы дезинсекциялық шаралар да қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатқа 30 маман мен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Өңдеу жұмыстары саябақтарда, өзен-көл арналары мен гүлзарлар аумақтарында кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар сәуір айында кеміргіштерге қарсы көктемгі дератизация толық аяқталды. Нәтижесінде кеміргіштерден зардап шеккендер саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Мамандар тұрғындар мен кәсіпкерлерді өз нысандарында санитариялық өңдеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге шақырады.
Толығырақ: https://youtube.com/live/s2vr3p3Hb8s
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews: Кеміргіштер (егеуқұйрықтар, атжалмандар, үй тышқандары) мен жәндіктер тұрғын үйлерді, қоқыстарды, қамбаларды, мал қораларын, элеваторларды жағалайды. Ең бастысы олар аса қауіпті оба, сүзек, көкала, құтырма, туляремия, лейшманиоз ауруларының таратушысы болып саналады.
Кеміргіштерден, жәндіктерден зардап шеккен адамдар міндетті түрде арнайы емдеу мекемелеріне қаралып, қажет болған жағдайда ем қабылдауы тиіс, өйткені олар жоғарыда аталған аса қауіпті жұқпалы және тері ауруларының адам ағзасында тіркелуіне себепкер болуы ықтимал.
Кеміргіштер тобынан ең көп тарағаны үй тышқандары болса, жәндіктерден – кенелер мен бүргелер. Міне сондықтан жоғарыда баяндалған зиянды жәндіктер мен кеміргіштерден сақтану аса маңызды екендігін айта келе, алдын алу шаралары ретінде жеке, көпқабатты тұрғын үйлерді, мал қораларын, қоймалар мен сауда-саттық, қоғамдық тамақтану орындарын, тұрғын үй жертөлелері мен көше жиегіндегі арықтарды уақтылы жинап, тазарту, сондай-ақ тағамның қалдықтары мен тамақ өнімдерін кеміргіш зиянкестер тимейтін жерде сақтау керектігін еске саламыз.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары