Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты — Xnews — ақпарат агенттігі

Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді.

Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Мемлекет басшысы: «Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы»

«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қасиетті Отанымыз – Қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егемен ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз.

Қастерлі рәміздеріміз – ұлт құндылықтарының жарқын символы. Мемлекетіміздің әр нышаны халқымыздың болмыс-бітімінің көрінісі саналады.

Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды.

Тарихқа үңілсек, жұртымыз әрқашан бір тудың астына жиналып, ынтымақ-бірлігін сақтай білген. Қазір де еліміз ауызбіршілігін нығайтып, алға қарай сеніммен қадам басып келеді».

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі»

«Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді.

Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды.

Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды.

Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз».

t.me/aqorda_resmi

x

Check Also

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...

Діни сенім бостандығы – өзара құрмет пен толеранттылық негізі

Қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың маңызды шарттарының бірі – әр адамның ар-ождан бостандығын құрметтеу. Адамның діни сенімі мен дүниетанымына құрметпен қарау ...