Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің тұғыры — Xnews — ақпарат агенттігі

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің тұғыры

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні.

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран – еліміздің егемендігі мен бірлігін айқындайтын басты құндылықтар. Олар халқымыздың тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан ұстанымдарын бейнелейді.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың парызы әрі Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Рәміздерімізді қастерлеу арқылы біз елдік мұраттар мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рухты қалыптастырамыз.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын әлемге танытатын маңызды нышандар. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, мәртебесі асқақтай берсін!

Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің басты нышандары
Бұл күн – тәуелсіз Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны бекітілген тарихи дата ретінде ел жадында сақталған ерекше мереке

1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері ресми түрде қабылданды. Ал 2007 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға сәйкес бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді.

Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің басты нышандары. Олар мемлекеттің тәуелсіздігін, бірлігі мен тұтастығын білдіріп қана қоймай, халықтың тарихын, мәдениетін және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді.

Көк байрақ – еркіндік пен бірліктің белгісі
Қазақстанның Мемлекеттік туы көгілдір түсті матадан тұрады. Оның ортасында шұғылалы күн мен қыран құс бейнеленсе, сабы жағында ұлттық өрнек орналасқан.

Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Көк түс – бейбітшілік пен бірліктің, ал күн – өмір мен молшылықтың белгісі. Қанатын кең жайған қыран құс еркіндікке, биік мақсаттарға ұмтылысты білдіреді.

Бүгінде Қазақстанның көк байрағы халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен спортшылардың қолында желбіреп, еліміздің жетістіктерін әлемге танытып келеді. Қазақстан туы Антарктидада, Солтүстік полюс маңында, әлемнің ең биік шыңдарында көтерілді. Тіпті 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов оны Халықаралық ғарыш станциясына алып шығып, Жерді бірнеше рет айналып өтті.

Елтаңбадағы терең мағына
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Елтаңбаның ортасында қазақ үйінің шаңырағы бейнеленген. Одан күн сәулесіндей тараған уықтар ел бірлігі мен ортақ шаңырақ астындағы татулықты білдіреді. Ал екі жақтағы қанатты пырақтар халқымыздың еркіндікке, даму мен өркендеуге деген ұмтылысын көрсетеді.

Жоғарғы бөлігінде бес жұлдыз орналасса, төменгі жағында «Qazaqstan» жазуы бейнеленген.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның Елтаңбасы көркемдік шешімі мен мазмұндық тереңдігі жағынан әлемдегі ең үздік мемлекеттік рәміздердің бірі саналады.

Әнұран – халық рухының үні
Қазақстанның қазіргі Мемлекеттік гимні 2006 жылы қабылданды. Оның негізіне көпшілікке жақсы таныс «Менің Қазақстаным» әні алынды.

Әнұран елдің тәуелсіздігін, халқымыздың еркіндікке деген сүйіспеншілігін және туған жерге деген мақтанышын паш етеді. Ол халықаралық кездесулерде, ресми іс-шараларда және спорттық жарыстарда орындалады.

Әсіресе қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырына көтерілген сәтте Әнұранның шырқалуы әрбір азаматтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады.

#МемлекеттікРәміздерКүні #ҚазақстанРәміздері

x

Check Also

Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке ...

Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты. Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын ...