«Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді.
Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті.
Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас Прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.
Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды»
«Бірақ босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді.
Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды.
Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды.
Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым. Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді.
Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді.
Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын».
Мемлекет басшысы:
«Біз Заң мен тәртіпке бағынатын, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. Сондықтан сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз.
Бірінші шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осылайша, Қазақстан өз дамуының шешуші кезеңіне қадам басады.
Мен бүгін бес конституциялық заңға қол қойдым. Бұл – жаңа Конституцияға сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде түбегейлі жаңғырады деген сөз. Осы құқықтық реформалар елімізде жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де тың серпін бермек.
Сөз соңында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әзірлеуге және оның нормаларын жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі басқосуда әкімшілік әділет институтын нығайтуға қатысты маңызды ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп сенемін».
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары