Балалардың балалық шағы – білім алып, жан-жақты дамып, қауіпсіз ортада өсуге арналған кезең. Сондықтан әрбір баланың құқықтарын қорғау және оларды заңсыз еңбекке тартудың алдын алу – қоғамның ортақ міндеті.
Балалар еңбегін пайдалану олардың денсаулығына, білім алуына және толыққанды дамуына кері әсер етеді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық нормалар мен профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Балалар еңбегіне қарсы күрестің дүниежүзілік күні қоғам назарын осы маңызды мәселеге аударып, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Ата-аналар, білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана балалардың құқықтары толық қорғалып, олардың қауіпсіз әрі бақытты болашағын қамтамасыз етуге болады.
Әрбір бала сапалы білім алуға, демалуға және қауіпсіз ортада өмір сүруге құқылы. Балалардың құқықтарын қорғау – болашаққа салынған маңызды инвестиция.
Айта кетейік, БҰҰ мәліметі бойынша 160 миллион бала еңбекке тартылған. Бұл – әлемдегі әрбір оныншы бала жұмыс істейді дегенді көрсетеді. Қазақстан бұл Конвенцияны 2002 жылы ратификациялаған, сондай-ақ жұмысқа орналасу үшін ең төменгі жас туралы конвенция да қабылданған болатын.
Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңының 16-бабына сәйкес балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Дегенмен, әрбір баланың еңбек етуге құқығы бар екені жазылғанымен, бұл құқық баланың мүддесіне сай келуі қажет. Сондай-ақ, еңбек ету баланың өміріне, денсаулығына, психологиялық жай-күйінезиян келтірмей жүзеге асырылуы және олардың білім алуына кедергі болмауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау, олардың еңбегіне ақы төлеу және өзге де ерекшеліктері қарастырылған. Кодекстің 31 бабының 1 тармағына сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
Сонымен қатар, Кодекстің 31 бабының 2 тармағына сәйкес еңбек шарты 15 жасқа толған азаматтармен, олардың орта білім, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымында білім алған жағдайда, 14 жасқа толған оқушылармен оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін жасалуы мүмкін.Мұндай жағдайларда, кәмелетке толмағандармен бірге еңбек шартына оның ата-анасының бірі, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар объектілерге, түнгі уақыттағы жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған. Қазақстан Республикасының заңнамасы балалар еңбегіне шектеулер белгілейді және кәмелетке толмағанды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені, балаларды балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тартқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Балаларды заңсыз еңбек етуден қорғау – қоғам тарапынан үнемі назар аударуды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және қолдауды талап ететін басым бағыт. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары