Шымкентке сән берген сәулетті мешіт — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентке сән берген сәулетті мешіт

Шымкентте бой көтерген Сейтжан қаридың есімі берілген Есжанұлы мешіті қаланың рухани өміріндегі маңызды нысан ғана емес, шаһардың туристік әлеуетін арттыратын сәулеттік кешендердің біріне айналып келеді. Ақ мәрмәрмен көмкерілген ғимарат өзінің айрықша сәулетімен, заманауи инженерлік шешімдерімен және кең ауқымды инфрақұрылымымен қала қонақтарының назарын аударуға лайық.

Мешіттің жобасын әзірлеу барысында әлемдік және ұлттық сәулет өнерінің озық үлгілері зерделенген. Жұмыс тобы Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласына барып, әлемдегі ең әйгілі ислам сәулеті нысандарының бірі – Шейх Заид мешітінің тәжірибесімен танысқан. Осыдан кейін Шымкентте қардай аппақ мәрмәрден үлкен мешіт тұрғызу идеясы жүзеге аса бастайды. Құрылысқа Түркияның Мугла өңірінен арнайы таңдалған ақ мәрмәр пайдаланылған.

Жобада классикалық ислам сәулеті Қазақстанның ұлттық нақышымен үйлестірілген. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесін тұрғызу кезінде қолданылған ерте дәуірдегі сәулеттік тәсілдер де ескерілген. Мешітте негізгі желдету жүйесіне қосымша табиғи желдету принципі қолданылған. Жаз мезгілінде табиғи ағынды ауа арнайы жабдық арқылы өткізіліп, залдарды салқындатуға және дезинфекциялауға мүмкіндік береді. Қыста сол жүйе жылытуға пайдаланылады. Бұл технологияның ерекшелігі – табиғи ауа қозғалысын заманауи инженерлік шешімдермен ұштастыруында.

Кешеннің сыртқы аумағы да келушілерге қолайлы етіп жоспарланған. Мешіт алдында 10 мың адамға дейін сыятын кең алаң бар. Оның айналасы жасыл желектермен көмкеріліп, субұрқақтар мен су каскадтары сәулеттік ансамбльдің көркін аша түседі. Бұл аумақ діни мерекелер мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге де мүмкіндік береді.

Мешіт кешені тек құлшылық орны ретінде шектелмейді. Мұнда 1000 орындық конгресс-холл, неке қию сарайы, ислам тарихының мұражайы, медресе, әйелдерге арналған оқу орны, кітапхана, телеорталық, фитнес орталық және 1000 орындық асхана орналасқан. Үш деңгейлі жерасты паркингі 1000 автокөлікке арналған. Лифттер, эскалаторлар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы тұрақтар келушілерге қолайлылықты қамтамасыз етеді.

Жобаның авторы әрі құрылыстың идеясын ұсынған «САУТС-ОЙЛ» компаниясының басшысы Серікжан Сейітжанұлының айтуынша, бұл нысанның басты мақсаты – руханият пен сәулетті, тарих пен заманауи технологияны тоғыстыру.

Сондықтан Сейтжан қаридың есімі берілген мешіт алдағы уақытта Шымкентке келетін туристер үшін қаланың жаңа көрікті орындарының біріне айналып, мегаполистің мәдени-рухани бағыттағы туристік картасын толықтыра түспек.

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...