Шымкент қалалық өзбек драма театрында жаңа премьера өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент қалалық өзбек драма театрында жаңа премьера өтті

Шымкент қалалық өзбек драма театры ұжымы театрсүйер қауымға кезекті жаңа туындысын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Театр сахнасында драматург Рихсивай Мұхаммаджановтың «Алдағанға әйел жақсы» атты комедиялық қойылымының премьерасы сахналанды.

Қойылымның негізгі желісі өмірдегі қарапайым отбасылық жағдайлар мен адамдар арасындағы сенім мәселесіне құрылған. Пьесада Абдужаббар мен Турдиқұлдың қалада білім алып жүрген практикант қыздармен жасырын кездесуді жоспарлауы күлкілі оқиғалардың басталуына себеп болады. Алайда, олардың бұл құпиясы ұзаққа бармай, күтпеген жерден әшкере болады. Турдиқұл әйелінен оңбай таяқ жесе, Абдужаббар Сожиданың ашуынан құтылу үшін өзін жадынан айырылған адам ретінде көрсетіп, түрлі айлаға барады. Осыдан кейін сахнада бірінен соң бірі жалғасқан қызықты да күлкілі жағдайлар өрбіп, көрерменді еріксіз күлкіге бөлейді.

Комедия барысында ерлі-зайыптылар арасындағы сенім, отбасылық адалдық, қызғаныш пен опасыздық мәселелері жеңіл әзіл, астарлы қалжың арқылы шебер жеткізілген. Қойылым тек көңіл көтеріп қана қоймай, көрерменді терең ойға жетелейді. Адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, отбасы бірлігі мен сыйластықтың маңызын айқындайды.

Қойылымның басты мақсаты – көрерменді күлдіре отырып тәрбиелік мәні зор ой салу, отбасындағы сенім мен адалдықтың қадірін ұғындыру. Спектакльдің әр көрінісі шынайы актерлік ойынмен, әсерлі сахналық шешімдермен және ұлттық нақыштағы юмормен ерекшеленді.

Премьералық қойылымды ҚР «Мәдениет қайраткері» С.Махмудов сахналады. Режиссер туындыны заманауи көзқараспен көркем безендіріп, кейіпкерлердің мінезін шынайы әрі әсерлі аша білді.

Премьера кешіне театр жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Қойылым соңында көрермендер актерлерге ыстық ықыластарын білдіріп, театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, қонақтар жаңа премьераның мазмұндық тұрғыдан терең, сахналық жағынан тартымды шыққанын ерекше атап өтті.

Шымкент қалалық өзбек драма театры алдағы уақытта да көрермендерге тағылымы мол, мазмұнды әрі сапалы қойылымдар ұсынуды жалғастыра бермек.

“Шымкент келбеті”

x

Check Also

Шымкент: Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырым көшенің құрылысы аяқталды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран шағынауданында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын көшенің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы жұмыс 2019 жылы басталып, ...

Түркістан облысында Мемлекет Басшысының Жолдауына арналған мәжіліс өтті

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын облыстық үкіметтік емес ...