Әл-Фараби ауданы аумағында биыл абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл туралы аудан әкімі Маратбек Мықтыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Бүгінде аудан құрамында 17 шағын аудан мен 1 елді мекен бар. Ауданда 931 көпқабатты тұрғын үй және 16 663 жеке тұрғын үй орналасқан. Жалпы халық саны 262 526 адамды құрайды. Сонымен қатар, аумақта 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан бар.
Аудан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған. Атап айтқанда, тұрғындар 100 пайыз ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен қамтамасыз етілген. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өткен жылы 38 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынған. Ал биыл 45 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 5 аулада құрылыс жұмыстары басталып, қалған 40 аула бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, аудан аумағында жарықтандыру жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы 175 көше жарықтандырылса, биыл қосымша 36 тұйық көшеге жарықшам орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, аудан аулаларына 500 жарықшам бағанасын орнату үшін бюджеттік өтінім ұсынылып, қазіргі уақытта мердігерді анықтау бойынша конкурс жүргізілуде.
Толығырақ: https://youtube.com/live/YyzxMsmX2tQ
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
