«Ерлік» музейі Халықаралық музейлер күніне орай «Музей – әр ұрпаққа қазына» атты ауқымды мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырды. Ашық есік күні аясында өткен мерекелік бағдарламаға қала тұрғындары, жастар, ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, музей кеңістігі ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін маңызды рухани алаңға айналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – музей құндылықтарын насихаттау, жас буынның тарихи санасын қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру және музейдің рухани-ағартушылық орталық ретіндегі маңызын арттыру болды.
Күні бойы жалғасқан бағдарлама музей экспозицияларымен таныстырудан басталды. Келушілер тарихи жәдігерлерді тамашалап, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға қатысты тың мәліметтер алды. Сонымен қатар «Музей – әр ұрпаққа қазына» тақырыбындағы арнайы көрме ұйымдастырылып, онда халықтың ортақ рухани мұрасын айшықтайтын сирек экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды.
Шара аясында қоғам өкілдерінің қатысуымен арнайы экскурсия өтті. Оған «Семей ядролық сынақ полигоны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалжан Даулбаев, «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Аманбаев және «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Гүлмира Оспанова қатысты. Олар жастармен кездесіп, тарихи оқиғалар туралы ой бөлісіп, отансүйгіштік тәрбиенің маңызын атап өтті.
Мектеп оқушылары үшін де танымдық әрі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Жас қатысушылар өздерінің шағын музей жобаларын таныстырды.
Күннің екінші жартысында ардагерлерге ерекше көңіл бөлінді. «Чернобыль апаты», «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысушылар», «Желтоқсан ақиқаты», «Семей ядролық сынақ полигоны» және «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» ұйымдарының өкілдері музей экспозицияларымен арнайы экскурсия барысында танысты. Музейге келе алмаған тұрғындар үшін экскурсия әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетілді. Сонымен қатар театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады.
Кешкі уақытта көпшілік асыға күтетін «Музейдегі түн» жобасы өтті. Шам жарығымен өткізілген ерекше экскурсия қатысушыларға музей атмосферасын жаңаша сезінуге мүмкіндік беріп, өткен тарихпен терең рухани байланыс орнатуға жол ашты.
Ашық есік күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып, келушілердің ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар музей қызметін заманауи форматта насихаттауға және жастардың танымдық белсенділігін дамытуға серпін берді. Тарих пен тағылым тоғысқан бұл шара Шымкент жұртшылығын ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірген маңызды мәдени оқиғаға айналды.
Аида Қалдыбек,
“Шымкент келбеті” газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары