Түркістан: Кентауда бір мезетте 2500-ге жуық адам қатысқан республикалық «Al-Farabi» интеллектуалды ойыны өтті — Xnews — ақпарат агенттігі

Түркістан: Кентауда бір мезетте 2500-ге жуық адам қатысқан республикалық «Al-Farabi» интеллектуалды ойыны өтті

Кентау қаласында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының салтанатты ашылуы мен іріктеу кезеңі өтті.

Ашық аспан астындағы ауқымды білімділер сайысына еліміздің 7 өңірінен және Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан жиналған 500-ге жуық команда, 2500-ге жуық жас қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен қала әкімі Жандос Тасов аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай ауқымды интеллектуалды алаңдардың жастардың жан-жақты дамуына, ел болашағының зияткер буынын қалыптастыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

Аталған сайыстың мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ елімізде интеллектуалды ортаны қалыптастыру.

Іріктеу кезеңінде командалар арасынан үздіктер анықталып, марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған 45 команда келесі кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар енді Түркістан қаласында өтетін 1/8 финалдық кезеңде бақ сынайды. Жалпы жүлде қоры – 3 миллинон теңге.

«AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл 8-рет ұйымдастырылып отыр. Білімділер бәйгесі – білім мен бәсекені ұштастырған, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін бірегей алаң.

Айта кетсек, бұл жоба ауқымы бойынша рекордтық көрсеткішке ие болып, қатысушылар санының көптігіне байланысты халықаралық деңгейде, атап айтқанда, Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге ұсынылуда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Түркістанда 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының ...

Түркістан облысы АҚШ компанияларымен ынтымақтастықты нығайтады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесті. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, америкалық инвестицияны тарту, ...