Шымкент: Көрісу мерекесі жастардың басын қосты — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Көрісу мерекесі жастардың басын қосты

Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін 14 наурыз – Көрісу күні – татулық пен ізгі ниеттің мерекесі. Ұлттық салт-дәстүрге негізделген бұл игі дәстүрден қала жастары да тыс қалған жоқ.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының қатысуымен «Көрісу эстафетасы» форматындағы іс-шара өтті.

Мерекелік шарада ұлттық нақыш ерекше сезілді. Шекелік тағып, әсем нымша киген қыздар мен қазақы қамзол киген жігіттер қазақы көрік беріп, жиналған көпшіліктің назарын аударды. Жастардың ұлттық киіммен жүруі соңғы кездері сәнге айналды. Көз қуантып, көңіл көшітеді.

Шараға Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Шымкент университеті және Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы студенттері белсене қатысып, ұлттық ойындар мен мәдени бағдарламалар арқылы мерекенің сәнін келтірді.

Жастар асық атып, арқан тартысты. Сонымен қатар сахна төрінде әсем ән шырқалып, ұлттық би биленіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік думан жастардың бірлігін арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін тағы бір мәрте көрсетті.

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

— Көрісу күні халқымыздың береке-бірлігі мен татулығын дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн адамдардың бір-біріне ізгі тілектер айтып, өткен өкпе-ренішті ұмытып, жаңа үмітпен қауышатын сәті. Осындай игі дәстүрді жастардың жалғастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауы – қуантарлық жағдай, — деді ол.

Мерекелік кездесу соңында жастар бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектерін айтып, наурыз көжеден дәм татып, көктемнің шуақты күніне сай көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Яндекс.Погода
x

Check Also

В Шымкенте прошла акция «Таза аула»: участие приняли более 55 тысяч человек

18 апреля 2026 года в городе Шымкент в рамках республиканской экологической программы «Таза Қазақстан» прошёл масштабный общегородской день чистоты. Акция ...

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...