Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнімдегі үлесі 58 пайызға жетті — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнімдегі үлесі 58 пайызға жетті

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға дейін өссе, бұл секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 250 мың адамнан асты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

«Шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының басты тіректерінің бірі. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 20 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 1 971 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуеттің артуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 41 пайыздан 58 пайызға дейін өсті», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Әкімнің айтуынша, инфрақұрылымдық қолдау бағытында 45 мың шаршы метр аумақты қамтитын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл алаңдарда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Сонымен бірге, Шымкент қаласында бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Осы шешімнің нәтижесінде салық түсімдері 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін артты. Жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен жеңілдікке ие болатын кәсіпкерлер саны 8 мыңнан 102 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Шымкентке алдағы бес жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тартылады

Шымкент қаласына инвестиция тарту динамикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған, оның 75 пайызы жеке инвесторлар үлесіне тиесілі. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады.

Қала әкімнің айтуынша, өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы бес жылда инвестиция көлемін 6,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.

«Инвестиция – қаланың экономикалық тәуелсіздігін айқындайтын негізгі күш. Біз бизнес үшін ашық және тұрақты орта қалыптастырып келеміз. Соның нәтижесінде тартылған қаржының 75 пайызы жеке инвесторлардың үлесіне тиіп отыр. Бұл – Шымкенттің инвесторлар үшін сенімді аймаққа айналғанының айқын дәлелі. Қазіргі таңда жалпы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Аталған жобалар аясында 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Брифингте Шымкент қаласының әкімі осы бағыттағы бірқатар ірі инвестициялық жобаларды атап өтті. Атап айтқанда, «Alsera KZ» компаниясы жалпы құны 322 млрд теңгені құрайтын, аумағы 650 гектар болатын заманауи жылыжай кешенінің құрылысын жүзеге асыруда. Жақында жоба аясындағы құны 98 млрд теңгелік бірінші кезеңнің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынған.

Сол сияқты, Польшалық «Fabe Agro» компаниясы 68 млрд теңге көлемінде инвестиция құю арқылы жоғары технологиялы жылыжай кешенін салуда. Жобаға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіру жоспарланып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, Түркияның «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар шығаратын кәсіпорын ашу көзедлген болса, отандық «INTERTRANS» компаниясы мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 80 млрд теңге.

Шымкентте 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды

Шымкент қаласында биыл жылдың басынан бері 34 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы, 46 мыңнан астам тұрғын түрлі жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылған.

Ғ.Сыздықбековтың айтуынша, халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны едәуір қысқарған. 2023 жылы қала бойынша 12 725 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, бүгінде бұл көрсеткіш 1 800 отбасыға дейін aзайды.

«Инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу – халықты тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Биыл 34 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан азаматтар саны 46 мыңнан асты. Соның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай азайды, жұмыссыздық деңгейі төмендеді», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Қалада жұмыссыздық деңгейі қазіргі таңда 4,7 пайызды құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған.

Сонымен бірге қала әкімі еңбекақысы төмен қызметкерлерге жалақыға үстемақы төленетінін атап өтті. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 11 млрд теңге бағытталған.

Өңірдегі орташа жалақы көлемі 10 пайызға өсіп, 334 мың теңгені құрады. Халықтың медианалық жалақысы 273,9 мың теңге деңгейінде.

Яндекс.Погода
x

Check Also

В Шымкенте прошла акция «Таза аула»: участие приняли более 55 тысяч человек

18 апреля 2026 года в городе Шымкент в рамках республиканской экологической программы «Таза Қазақстан» прошёл масштабный общегородской день чистоты. Акция ...

Шымкент қаласында «Таза аула» акциясы: 55 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысты

2026 жылғы 18 сәуірде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық тазалық күні өтті. «Таза аула» ...