Шымкент қаласында соңғы үш жылда 14 жаңа медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға төмендеді. Қалалық денсаулық сақтау жүйесіне «PACS Systems» сияқты жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, қатерлі ісік және басқа да ауыр ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі пайда болды. Аталған жүйенің құны 2,8 млрд теңге. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
«Қалада биыл жоғары технологиялы 1 102 операция жасалған. Оның ішінде 310 кардиохирургиялық, 33 нейрохирургиялық, 1 жүрек және 14 бүйрек трансплантациясы орындалды. №1 қалалық клиникалық және жұқпалы аурулар ауруханалары күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем қызметіне 40 арнайы автокөлік сатып алынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 79 пайыздан 90 пайызға дейін жаңартылды. Шұғыл қызметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында үш шағын ауданда сервистік орталықтар салынды, ал келесі жылы тағы екі орталықтың құрылысы жоспарланған», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар, қалада 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде, ал 200 орындық перзентхана салу үшін 6,2 гектар жер телімі бөлінген.
Шымкенттік спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді
Шымкент қаласының спортшылары 2025 жылы Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы саны 827 алтын, 753 күміс және 793 қола медаль жеңіп алды.
Шаһар басшысының айтуынша, бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір өсім көрсетіп отыр. Қалада спорт инфрақұрылымын жаңғырту және қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, бірнеше модульді спорт кешендері мен ашық мұз айдындары ашылған.
«Спорт пен дене шынықтыру – халық денсаулығының басты кепілі. Биыл Шымкентте заманауи модульді спорт кешендері салынып, бірқатар спорт нысандары халықаралық талаптарға сәйкес жаңғыртылды. Соның нәтижесінде спортшыларымыз халықаралық аренада жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту арқылы жас спортшылар үшін ұсынылатын мүмкіндіктерді кеңейтуді жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімнің мәліметінше, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қолдауымен Бадам және Қарабастау елді мекендерінде екі модульді спорт кешені пайдалануға берілген. Оған қоса «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы екі модульді кешеннің құрылысы жүргізілуде.
Демеушілердің есебінен Қажымұқан атындағы орталық стадион халықаралық стандарттарға сай жаңартылып, жеңіл атлетика жолақтары мен табиғи газон толықтай жаңаланған. Қала тұрғындары үшін үш аумақта жалпы көлемі 6 мың шаршы метр болатын ашық мұз айдындары салынды.
Сонымен қатар Шымкентте 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр. Мердігерлік мәселелерге байланысты жоспардан ауытқулар тіркелгенімен, жұмысты кестеге сәйкестендіру қала әкімдігінің қатаң бақылауына алынған.
Шымкентте 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды
Шымкент қаласында биыл жылдың басынан бері 34 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы, 46 мыңнан астам тұрғын түрлі жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылған.
Ғ.Сыздықбековтың айтуынша, халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны едәуір қысқарған. 2023 жылы қала бойынша 12 725 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, бүгінде бұл көрсеткіш 1 800 отбасыға дейін aзайды.
«Инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу – халықты тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Биыл 34 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан азаматтар саны 46 мыңнан асты. Соның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай азайды, жұмыссыздық деңгейі төмендеді», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Қалада жұмыссыздық деңгейі қазіргі таңда 4,7 пайызды құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған.
Сонымен бірге қала әкімі еңбекақысы төмен қызметкерлерге жалақыға үстемақы төленетінін атап өтті. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 11 млрд теңге бағытталған.
Өңірдегі орташа жалақы көлемі 10 пайызға өсіп, 334 мың теңгені құрады. Халықтың медианалық жалақысы 273,9 мың теңге деңгейінде.
Шымкентте үш ауысымды мектептер мәселесі шешіліп, білім саласына цифрлық жүйелер енгізілуде
Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толық пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді.
Қала әкімінің айтуынша, биыл қосымша 4 145 орындық сегіз мектептің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде №50 мектепке 575 орындық қосымша ғимарат пен Тельман шағын ауданында 1 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді.
«Білім беру саласына жұмсалатын қаржы – болашаққа жасалған инвестиция. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы біз сапалы білім беруді және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Брифинг барысында қала әкімі білім беру жүйесін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Барлық мектептердегі бейнебақылау камералары Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, «Айқын» интеллектуалды бақылау жүйесі енгізілуде.
Айта кетейік, Шымкентте «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы мектептердегі тегін тамақтану процесін бақылау жүйесі іске қосылып, екі айда 460 млн теңге үнемделген. Ал ваучерлік жүйе негізінде қосымша білім беру бағытында 1,8 млрд теңге үнемделген. Сондай-ақ, қаржыландыру процесін бақылауға арналған «QARQYN» цифрлық жүйесі енгізіліп жатыр.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
