Шымкент: Ауыз су, электр қуаты және көше жарықтандыруда айқын ілгерілеу бар — Xnews — ақпарат агенттігі

Шымкент: Ауыз су, электр қуаты және көше жарықтандыруда айқын ілгерілеу бар

Қалада базалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ауыз сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету және көше жарықтандыру салаларында қол жеткізілген нәтижелер тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тікелей әсер етуде.

Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің 80-і ауыз су жүйесіне қосылған. Қалған Құрсай елді мекенінде (23 мың тұрғын) су құбыры толық тартылып, қазір абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда Сайрам, Бозарық, Қайтпас-1 елді мекендерінде ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, 27 мыңға жуық адам орталықтандырылған таза суға қол жеткізді. Нәтижесінде қаладағы ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызға жетіп отыр, ал жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 99,9 пайызды құрайды деп күтілуде.

Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен бірқатар елді мекендерде су жүйелері салынды. Текесу ауылына 14 шақырым су құбыры тартылып, Айкөл елді мекенінде 18 шақырым су желісінің құрылысы аяқталды. Бұл жобалардың жалпы құны 250 млн теңгеден асты. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекемелер демеушілік негізде ұсынып, іске асыруды «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК қамтамасыз етті.

Электр қуатымен қамту саласында да оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қаладағы барлық 81 елді мекен электр желісімен толық қамтылған. 2024 жылы Асар-2 және Бозарық елді мекендерінде электр жүйелерінің құрылысы аяқталып, 15 мыңға жуық тұрғын сапалы электр энергиясына қосылды. Биыл 7 елді мекенде жаңа электр желілері мен 3 қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, бірнеше жылға созылған «Ақжар 110 кВ» қосалқы станциясының құрылысы толық аяқталып, қабылдау сатысында тұр. Бұл нысан бірқатар елді мекендер мен индустриалды аймақтарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етпек.

Қала көшелерін жарықтандыру да басты назарда. Егер 2023 жылы көшелердің тек 30 пайызы жарықтандырылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65,9 пайызға жетті. Соңғы бір жылда 2 270 көше жарықтандырылып, демеушілер есебінен қосымша 125 көше шаммен қамтылды. 2025 жылы тағы 2 291 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Жоспар толық орындалған жағдайда қала аумағы 100 пайыз сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз етіледі.

Шымкентте базалық инфрақұрылым жүйелі түрде жаңарып, қамту деңгейі 100 пайызға жақындады

Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы инженерлік желілердің жағдайына тікелей байланысты. Осы себепті Шымкентте соңғы жылдары табиғи газбен қамту, жылу жүйесінің сенімділігін арттыру және кәріз инфрақұрылымын кеңейту бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалар қаланың қазіргі қажеттілігін ғана емес, болашақтағы өсімін де қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде қаладағы 81 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен толық қамтылған. 20 елді мекенде газ жүйесі жекеменшік аумақтарда жартылай жүргізілген болса, Айкөл елді мекені әзірге газбен қамтылмаған. 2024 жылы Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Бозарық, Еламан, Қаратөбе және «Тәуелсіздікке – 20 жыл» елді мекендерінде газ желілерінің құрылысы аяқталып, 90 мыңнан астам тұрғынға табиғи газға қосылу мүмкіндігі туды. Нәтижесінде қаладағы газбен қамту деңгейі 97 пайызға жетті.

Қазіргі таңда 10 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Қайтпас-1, Достық, Алтынтөбе және Тұран елді мекендерінде абоненттеу жұмыстары аяқталып, 22 мыңнан астам адам газ жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Тассай елді мекеніндегі газ жобасы биыл толық аяқталып, 15 900 тұрғынды қамтитын 3 345 абонент кезең-кезеңімен газға қосылуда.

Инженерлік желілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2025 жылы қалада газ құбырларын тексеруге арналған заманауи «Пергам» типті жылжымалы қондырғы сатып алынды. Оның көмегімен 107 шақырымнан астам газ құбырына диагностика жүргізіліп, 45 ақау анықталды. Барлық кемшіліктер жойылып, газ инфрақұрылымының сенімділігі артты. Алдағы уақытта газ қуаттылығын 1,4 млн текше метрге арттыратын үш жаңа газ тарату станциясы мен айналма магистралды газ құбырының құрылысы жоспарлануда.

Жылумен қамтамасыз ету саласында да заманауи шешімдер енгізілуде. Қалада алғаш рет құбырішілік диагностика технологиясы пилоттық жоба ретінде қолданылып, магистралды жеті көшеде 1 263 метр жылу құбыры тексерілді.Тексеру нәтижесінде желілердің техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деп бағаланып, тәуекелі жоғары учаскелер бойынша нақты ұсынымдар берілді. Бұл тәсіл апат қаупін азайтып, жөндеу шығындарын 20–75 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.

Кәріз жүйесін дамыту да күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала береді. Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 26-сы ғана су бұру жүйесімен қамтылған. 2024 жылы Нұртас пен Қайтпас-1 елді мекендерінде ішкі орамдық кәріз желілерінің құрылысы аяқталып, 27 мыңға жуық тұрғынға қолайлы жағдай жасалды. Бұдан бөлек, құны 11 млрд теңгені құрайтын ірі кәріз коллекторы іске қосылып, Тұран, Бозарық, Шымсити, Асар-2, Ақжайық және Достық аумақтарын қамтыды.

Алдағы кезеңде қала аумағының ұлғаюын ескере отырып, қуаттылығы 410 мың текше метр болатын жаңа кәріз қондырғысын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар Шымкенттің инженерлік инфрақұрылымын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/xKYxJlWx0wg?si=d6Pv340_8_RKlxQ8

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

x

Check Also

Голос народа — фундамент стабильности и развития

Арипджан ХАЛНАЗАРОВ, член президиума Шымкентского городского Совета ветеранов и председатель совета аксакалов ассоциации «Достык» узбекских этнокультурных центров Казахстана: — Формирование ...

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...